Ақтөбе облысында Хромтау қаласынан шығар жолдарға жылжымалы бекеттер қойылады

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Қазақстан полициясы күніне орай Хромтауда полиция қызметкері баспаналы болып, аудандық бөлімге көлік сыйға берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Самара-Шымкент тасжолы бойында орналасқан Хромтау ауданының полиция қызметкерлері үшін қысы-жазы жұмыс көп. Қарбалас сәтте шақыру орнына жедел жету, қылмыстың бетін ашу, алдын алу жұмыстарына басымдық беріледі.

Аудан әкімі Азамат Бекет салтанатты түрде аудандық полиция бөлімінің инспекторы Ербол Әлиевке пәтер кілтін табыстап, полиция қызметкерлерін құттықтады. Аудан басшысы полиция қызметкерлерінің қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету және аймақтағы короновирус пандемиясының таралуына қарсы күрес жұмысына қосқан елеулі үлесін атап өтті.


«Президент Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті полиция қызметінің қадамдық қолжетімділігіне көшу туралы тапсырма берді. Аудан әкімі Азамат Бекет полицияға автокөлік сыйлады. Бұл көлікті біз кезекші бөлім қызметіне береміз. Себебі ауданда 28 мыңнан астам халық тұрады. Біз шұғыл шақыруға 7 минутта жетуіміз керек. Жаңа техника құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге, қылмысты болдырмауға септігін тигізеді деп сенеміз.


Сонымен бірге жылжымалы стационарлық бекет қолданысқа берілді. Ішінде арнайы бөлмелері бар. Ерлер мен әйелдерге бөлек төсек-орын қарастырылған. Қыста жылытылады, жазда салқындатқыш қосалады. Самара-Шымкент тасжолында орналасқан Хромтау үшін ең қажетті техника. Қыста адамдар жиі жолда қалады. Жазда да көмек көрсетуге тура келеді. Сол себепті жылжымалы бекетті қаланың екі шетіне қоюды жоспарлап отырмыз», - деді Хромтау полиция бөлімінің бастығы Құралбек Шарбаков.

Сондай-ақ Хромтау ауданы Көктау ауылында учаскелік полиция пунктінің салтанатты ашылуы өтті. Учаскелік полиция пункті Көктау ауылдық округі әкімдігінің жаңа ғимаратында орналасқан және қажетті компьютерлік техникамен, жиһазбен жабдықталған.


Хромтау полиция бөлімінің бастығы Құралбек Шарбаков аудан әкімінің қолдауының арқасында биыл полиция қызметінің тиімділігін арттыруға, ведомствоның материалдық-техникалық базасын нығайтуға, сондай-ақ жеке құрамның тұрғын үй-тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған шаралар кешені іске асырылғанын атап өтті. Аудан басшысына көрсеткен қолдауы үшін алғыс айтып, полиция алдына қойылған барлық міндеттердің орындалатынына сендірді.

Салтанатты шараға ішкі істер органдарының ардагерлері мен жергілікті атқарушы орган өкілдері де қатысты.

«Пандемия кезінде екі қызметкер көз жұмды. Бүгін олардың жесірлеріне барып, арнайы құттықтауымызды арнадық. Қызмет барысында көз жұмған қызметкерлерге арналған ескерткішке гүл қойдық. Олар бейбіт күннің батырлары», - деді Құралбек Шарбаков.

Айта кетейік, аудандық полиция бөлімінде 121 қызметкер бар. Ер азаматтармен қатар әйелдер де қатар қызмет етіп жүр.


Соңғы жаңалықтар