Ақтөбе облысында дәрігер тапшылығы жоқ – Руслан Хамбаров

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Жыл басынан бері Ақтөбе облысында коронавируспен күреске жұмылдырылған дәрігерлерге 4,8 млрд теңге үстемақы төленді. Бұл туралы Ақтөбе облысы әкімінің бірінші орынбасары Руслан Хамбаров айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі уақыттың қаһармандары дәрігерлер екені сөзсіз. Өңірде медицина саласындағы 4,5 мыңнан астам маман КВИ-ге қарсы қызмет етіп жатыр. Жыл басынан ақ халатты жандардың еңбегін бағалау мақсатында 4,8 млрд теңгеге үстемақы төленді. Сонымен қатар облыста жыл сайын білікті мамандарды дайындап шығаратын Ақтөбедегі М.Оспанов атындағы БҚО медицина университетінің арқасында өңірде кадр тапшылығы байқалмайды», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.

Облыс әкімі бірінші орынбасарының дерегінше, өңірде 4 мың кәсіпкер Ashyq жобасына қатысады. Оның ішінде көшбасшы мәртебесіне 60 мекеме ие болса, 59 кәсіпкер аутсайдер тізіміне кіріп отыр.

«Ashyq жобасы енгізілгеннен бері өңірде «сары» мәртебесі бар 238 адам және «қызыл» мәртбесі бар 314 адам анықталды. Сонымен бірге Ақтөбе қаласының бас мемлекеттік санитар дәрігері «сары» мәртебесі бар 100 адамға қатысты қаулы шығарып, «қызыл» мәртебесі бары 77 тұлға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 425-бабының 1-бөлігі бойынша 3,4 млн теңге сомасына әкімшілік жауапқа тартылды», - деді Руслан Хамбаров.

Сонымен қатар ол облыс аумағында құрылған мониторинг топтары 7 357 рейд жүргізіп, 40 642 нысанды тексергенін атап өтті. Нәтижесінде Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске сәйкес 871 айыппұл салынған.


Соңғы жаңалықтар