Ақтөбе облысында балалар мен жүкті әйелдер арасында коронавирусқа шалдығу артты

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеде бір тәулікте 285 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Облыстық Денсаулық сақтау басқармасы вирустың таралу жылдамдығына қарап, өңірде вирустың «омикрон» штамы барын болжап отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облысы бойынша бір тәулікте тағы 285 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды. Қазіргі кезде 7 науқас жансақтау бөлімінде жатыр. Оның екеуі өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған.

Облыстық Денсаулық сақтау басқармасының хабарлауынша, балалар мен жүкті әйелдер арасында вирус жұқтырғандар көбейген. Мәселен, қазіргі кезде аяғы ауыр 63 әйел инфекциялық стационарда жатыр.

«Қазір облыста вирус жұқтырғандар күрт артты. Желтоқсан айының соңында бірер бала сырқаттанса, қазір 16-сы инфекциялық стационарда жатыр. Сонымен бірге бұған дейін 2-3 жүкті әйел ем қабылдаса, қазір 63-і ауруханада. «Омикрон» штамы зертханалық түрде расталған жоқ, дегенмен таралу жылдамдығына қарап осы штамның Ақтөбеге де жеткенін болжап отырмыз», - деді Ақтөбе облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров.

Айта кетейік, қазір 128 науқас инфекциялық стационарларда ем қабылдап жатыр. Ұжымдық иммунитетті қалыптастыру үшін 365 мыңнан астам адам вакцинаның екі компонентін де қабылдады. Ал 38 мыңнан астам адам ревакцинациядан өтті. Сонымен бірге 8 мыңнан астамы Pfizer препаратын қабылдады. Ақтөбе облыстық Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, оның 5 мыңнан астамы – жасөспірім.


Соңғы жаңалықтар