Ақтөбе облысында автожолдарда жыл басынан 53 адам көз жұмды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облысында жыл басынан бері 300-ден астам жол-көлік апаты болып, 53 адам көз жұмды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, биыл жол апаттарының саны артты. Жыл басынан бері 303 оқиға тіркеліп, онда 53 адам мерт болды. Ал 412 адам түрлі жарақат алды. Жүргіншілердің жол ережесін бұзуы, жүргізушілердің жылдамдықты асыруы, қарсы бағытқа шығып кету негізгі себеп болып отыр.

«Рульге мас күйінде отыратын адамдардың кесірінен 10 жол-көлік апаты болды. Салдарынан екі адам көз жұмып, 15-і жараланды. Полиция қызметкерлері қауіпсіздік белдігін тақпаған 4 мыңнан астам жүргізушіні анықтады. Ал 1558 жүргізуші көлік жүргізу кезінде ұялы телефонды пайдаланып, 52 мыңнан астамы жылдамдықты асырған. Сондай-ақ жаяу жүргіншілер тарапынан 6 мыңнан астам бұзушылық анықталды. Қарсы қозғалыс жолағына шығудың 662 дерегі, бағдаршамның тыйым салатын сигналына өтудің 1920 дерегі тіркелді», - деп хабарлады Ақтөбе облысы ПД ЖПҚБ бастығының орынбасары Айдос Құлжанов.

Айта кетейік, облыстың барлық ауданында жолдың апатты-қауіпті учаскелерінде патрульдік автокөліктер мен үй жануарларының макеті орнатылды. Түнгі уақытта машинаның жарығынан макеттер көрінеді. Сол кезде жүргізушілер міндетті түрде қозғалыс жылдамдығын төмендетеді.


Соңғы жаңалықтар