Ақтөбе облысында ауылдасын суицидтен құтқарған әкім марапатталды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Ақтөбе облысының тұрғынын суицидтен құтқарған ауыл әкімін марапаттады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Оқиға 1 маусым күні түс уақытында болды. Сағат 14:30-да Қаратоғай ауылының тұрғыны байланыс мұнарасына шығып, өзіне-өзі қол салуға оқталып тұрғаны туралы ақпарат Мәртөк ауданының №15 өрт сөндіру бөліміне түсті. Шақыру орнына Мәртөк ауданының төтенше жағдай бөлімі, Ақтөбе облысы Төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық құтқару жұмыстары қызметі жедел-құтқару жасағының құтқарушылары, медицина мамандары және полицейлер жіберілді.

Тұрғынды әңгімеге тарту үшін мұнараға ауыл әкімі Руслан Байсағызов шыққан.

«Шақыру орнына барған кезде Қаратоғай ауылы тұрғынының биіктігі 25 метрлік мұнараға шығып алғаны белгілі болды. Ол өзіне-өзі қол салмақ болды. Туыстарымен, оның ішінде әкесі, жұбайы, қызы және қызметкерлермен сөйлесті. Бірақ нәтиже болмай, ол ауылдық округ әкімі Руслан Байсағызовпен сөйлесетінін мәлімдеді. Кейін әкіммен байланысқа шықты. Сол сәтте құтқарушылар ер адамға жақындау үшін жоғары көтеріле бастады. Ал сағат 17:17-де құтқарушылар ер адамды кісенмен құтқару конструкциясына бекітіп, аман-есен төменге түсірді. Оған психологиялық көмек көрсетіліп, әрі қарай учаскелік инспекторға тапсырылды», - деді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен.

Осы оқиғадан кейін тұрғынды аман-есен алып қалған ауыл әкімі Р.Байсағызовты ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев марапаттады.

«Қаратоғай ауылына әкім болып жүргеніме үшінші жыл болды. Мұндай жағдай бірінші рет тіркеліп отыр. Мұнараға шығып кеткен ауыл тұрғыны бір жарым жыл бұрын көшіп келген еді. Оқиғаны естігенде ойланатын, қорқатын уақыт болмады. Бірден бардым. Мұнараға бірінші рет шығып тұрмын. Құтқарушылардың кәсібилігінің арқасында адамды аман алып қалдық», - деді ауыл әкімі Руслан Байсағызов.


Соңғы жаңалықтар