Ақтөбе облысында 8 көпбалалы отбасы баспаналы болды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбенің Әйтеке би ауданында көпбалалы 8 отбасы баспаналы болды. Олар үшін арнайы екі бөлмелі төрт үй салынған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Көп жылдар бойы кезекте тұрдық. Балаларымызға жағдай жасағаны үшін мемлекетке рахмет. Көпбалалы, мұқтаж отбасылар баспаналы болсыншы. Біздің алты баламыз бар. Тұңғышымыз - 11 жаста, кенжеміз 2-ге толады. Ұлымыздың туған күніне осындай сыйлық болайын деп тұр»,- деді қуанышымен бөліскен көпбалады әке, теміржолшы Талғат Өмірзақов.

Өңір басшысы мұқтаж жандарды қолжетімді әрі қолайлы баспанамен қамтуға басымдық берілетінін атап өтті.

«Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет бірқатар бағдарламаларды әзірлеген, сол үшін қаражат бөлінуде. Және жұмыс тек облыс орталығында ғана жүріп жатқан жоқ. Кезекте тұрғандарға арналған баспана, соның ішінде көпқабатты тұрғын үй аудан орталығында да беріліп жатыр. Мәселен, Бадамшада жуырда бесқабатты үй тапсырылады. Мұнда ауылдық аймаққа барынша қолайлы болатын, отбасылар шаруаларымен айналысу үшін бірқабатты баспана салынған»,- деді Оңдасын Оразалин жаңа қоныс иелеріне.

Жалпы, аудан орталығы белсенді дамып келеді, абаттандыру бойынша ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр.

Биыл «Ауыл - ел бесігі» бағдарламасы аясында 412 млн теңгеден астам сомаға бірден жеті көше жөнделді.

Келер жылы алты көше жөнделеді. Сонымен бірге аудан орталығындағы барлық көше 2022 жылға қарай толықтай жарықпен қамтылады.

Сондай-ақ, осы жылы 21 бөлімшесі мен 17 мың оқырманы бар орталық кітапхана ғимараты жаңартылады.

Бұдан бөлек, демеушілер қаражаты есебінен жаңа саябақ ашылды.

«Бизнесмендердің өз қаржысына саябақтар, балалар алаңы мен гүл бақтарын салып бергені қуантады. Аудан орталығы тұрғындарының сұранысына сай келетін стадионды жөндей алғанымыз қуантады. Ауыл аймақты дамыту, ауылда тұру үшін қолайлы жағдай жасау жұмыстары жалғасатын болады»,- деді өңір басшысы.


Соңғы жаңалықтар