Ақтөбе облыстық музейінің ескі ғимаратында жәдігерлер қараусыз қалды

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейі 2018 жылы жаңа ғимаратқа көшті. Ал ғасырлық тарихы бар ескі ғимаратта бірнеше жәдігер қараусыз қалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе облыстық тарихи өлкентану музейінің жәдігері 1929 жылы өткен өлке тарихы көрмесінен бастап жиналды. Алғашқы жылдары шағын үйде орналасса, 1967 жылдың 6 маусымында облыстық тарихи-өлкетану музейінің ашылу салтанаты өтіп, оған Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев қатысқан.

Бұл ғимараттың ғасырлық тарихы бар. Қонақүйден музейге айналған нысан 2015 жылға дейін халыққа қызмет көрсетті. Ал 2015 жылы авариялық деп танылып, тек қызметкерлері күнделікті жұмысын жалғастырды. 2018 жылы қаладағы Батыс-2 ауданында заманауи нысан қолданысқа беріліп, ескісі иесіз қалды. Мұнда есігіне құлып салынғанымен, кез келген тұрғын оңай бұзып кіре алады. Ішінде Ақтөбе облысының ғана емес, еліміздің белгілі азаматтарының портреті де жатыр. Сонымен бірге шаңырақ, бесік, шай үстелі де бар. Тот басқан қаруды да осы жерден табуға болады.

«Біз негізгі экспонаттарды көшіріп алдық. Ал өзгесі есептен шығарылған. Қалған ауа баптағыш, ветриналар арнайы мекеменің көмегімен жойылады. Өзге заттар туралы айтсам, музей қорына кірмеген. Ол да қоқысқа лақтырылмайды, тек жойылуы тиіс. Алдымен конкурс жариялап, жеңімпаз анықталуы керек. Негізі екі жыл бойы ғимарат музейге тиесілі болды. Ол кезде ешкім есігін ашпады. Бос тұрған соң күзет қызметі болмады, дегенмен мүлікті бүлдірген адамды көрмедім. Ал кітапхана балансына өткен соң қайта-қайта ішіне кіріп, бейнематериал таратып жүр», - деді Ақтөбе облыстық тарихи-өлкетану музейінің директоры Мейрам Дүйсенғали.

Ақтөбе қаласы әкімдігінің қаулысымен Алтынсарин көшесіндегі өлкетану мұражайының ғимараты биыл ақпан айында қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесінің балансына берілді. Қазіргі кезде жобалық-сметалық құжат дайындалып, сараптамаға жіберілді.

«Сараптама қорытындысы шыққан соң бұл ғимаратқа күрделі жөндеу жұмысы жүргізіліп, қалалық орталықтандырылған кітапхана жүйесіне беріледі. Коворкинг те болады. Экспонаттардың барлығы облыстық тарихи-өлкетану мұражайына тиесілі. Олар алып кетті. Бейсенбі, сенбі күндері жан-жағындағы қоқысты жинаймыз, ішінде емес. Күнде ашық тұрған жоқ. Біз құлып сатып қойдық», - Ақтөбе қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әсел Бөлекова.


Соңғы жаңалықтар