Ақтөбе қаласында 6 сәуірде карантин енгізіледі

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбеде 6 сәуір күні сағат 21:00-ден бастап карантин енгізіледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтөбе қаласында 11 адам коронавирус инфекциясын жұқтырған. Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева тікелей эфир арқылы ертең сағат 21:00-ден бастап қалада карантин енгізілетін мәлімдеді.

«Азаматтардың өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында Ақтөбе қаласы аумағында төтенше жағдай аяқталғанға дейін карантин жарияланады. Біріншіден, қалада барлық мекемелер жұмысы тоқтайды. Тізім әлеуметтік желіде, әкімдік сайтында жарияланады. Қоғамдық демалыс орындары, саябақтар, балалар алаңына баруға болмайды. Екіншіден, көліктің барлық түрі қаладан шықпайды, кірмейді. Қаулы кейбір азаматтардың жүріп- тұруына рұқсат береді. Тізімі арнайы жарияланады. Үшіншіден, қоғамдық көлік қозғалысына кесте енгізіледі. Мәселен, таңертең 7:00-9:00, түсте 12:00-14:00, кешке 17:00-21:00 аралығына бекітілді. Қала аумағында залалсыздандыру жұмысы күшейтіледі. Тек медицина қызметкері, полиция мен коммуналдық мекеме жұмысшыларына ешқандай шектеу жоқ. Азық-түлік, дәріханаға баруға болады. Аса қажет болмаса үйден шықпауды сұраймыз. Азық-түлік дүкендері 10:00-20:00 аралығында жұмыс істейді. Қала аумағында жеке көлікпен жүруге тыйым салынады», - деді облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтер сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Нұрсұлу Беркімбаева.

Айта кетейік, індетке шалдыққандардың жетеуі шетелден вирус жұқтырған, өзгесі сол адамдармен байланыста болған. Мәселен кеше анықталған үш жағдайдың екеуі Қобда ауданындағы блокпостта тіркелді. Қазақстанның екі азаматы «Мәскеу-Воронеж-Түркістан» бағытымен келе жатып, өзін жайсыз сезінгені туралы хабар берген. Бірінің жолда ыстығы көтеріліп, тамағы қышып, бойынан әл кеткен. Хабар түскен бойда блокпостқа жедел жәрдем бригадасы шақырылып, науқас жүргізуші мен оның серігі облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Вирусологиялық анализден соң олардың қауіпті індетті жұқтырғандары расталды.

«Ақтөбе қаласында карантин енгізіліп, аудандарда ерекше шектеу сол күйі қалады. Қазір облыста 28 блокпост бар», - деді жергілікті арнада өткен тікелей эфир кезінде облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұржауған Қалауов.


Соңғы жаңалықтар