Ақтөбе: Інісіне жер телімін берген бөлім басшысы мен ауыл әкімі қызметтен кетуі мүмкін

None
None
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Әдеп жөніндегі кеңес жер телімін жалға беру, жерді мемлекет меншігіне қайтару комиссиясының жұмысын тексерді. Өз інісіне жер телімін берген Ырғыз аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Аралбай Ералин мен Ырғыз ауылдық округінің әкімі Алтынбек Сарин қызметінен айырылуы мүмкін, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыстық департаментінің Әдеп кеңесі Ырғыз аудандық прокуратурасының ұсынысын қадағалауды күшейтті.

Кеңес Ырғыз аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Аралбай Ералин, Ырғыз аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Арман Нурекешов, Ырғыз аудандық құрылыс, сәулет, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Игорь Тұртаев және Ырғыз ауылдық округінің әкімі Алтынбек Саринге қатысты тәртіптік іс қозғап, қызметтік тергеу жүргізді.

«2020 жылдың 24-26 тамыз аралығында шаруа немесе фермер қожалығына жерді уақытша жалға беру үшін жер комиссиясының отырысы өтті. Сол кезде конверттерді ашу рәсімі аудио, бейнежазбаға түсірілмеген. Сонымен бірге жер комиссиясының отырысын өткізу хаттамасы аудио-бейне жазбаға сәйкес толтырылмаған. Яғни, бейне жазбаға сәйкес 6 лот бойынша дауыс беру есебі тепе-тең болса, хаттамаға сәйкес дауыс беру есебі негізсіз жоғарылатылып, оған барлық комиссия мүшесі қол қойған. Ал Ырғыз аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы А.Ералин «Нұрғали» шаруа қожалығына 2020 жылдың 6 қазанынан бастап 2021 жылдың 6 наурызына дейін Нұра ауылдық округінің аумағынан қыс мезгілінде маусымдық шөп шабу үшін 15 637 га жер учаскесін берген», - деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінің мемлекеттік қызмет саласын бақылау басқармасының бас маманы Қайрат Акиев.

Сонымен қатар Ырғыз ауданы, Аманкөл ауылдық округінің аумағында орналасқан 1434 га жер учаскесін алуға Е.Ералин мен Т. Жұбанышев өтініш бірдірген.

Жер комиссиясы төрағасының орынбасары А.Ералин конкурсқа қатысқан өз інісі Ербол Ералинге басымдық беріп, бірауыздан оны жеңімпаз деп таныды.

«Мемлекеттік қызметте жүргеніме 11 жыл болды. Қателік кетті, мен оны мойындаймын. Негізі комиссия отырысы қайта-қайта кейінгі шегерілді. Адам саны да жетпеді. Қазір інім жер алып, мал бағып отыр», - деді Ырғыз аудандық жер қатынастары бөлімінің басшысы Аралбай Ералин.

Әдеп кеңесінде А.Нурекешов, И. Тұртаевқа қатысты қызметке толық сәйкес емес түріндегі тәртіптік жаза қолдану ұсынылса, ал А.Ералин мен А.Саринді жұмыстан шығару түріндегі тәртіптік жаза қолдану туралы шешім қабылданды.


Соңғы жаңалықтар