Ақтаулықтар ойын алаңының орнына медициналық орталық салуға қарсы шықты

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Ақтаулықтар 7-шағынаудандағы ескі ойын алаңының орнына медициналық орталық салуға қарсы, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ал, жеке кәсіпкер кеңес өкіметінен қалған ескі темір-терсектің орнына басқа жерден, бірақ, үйлердің қасынан жаңа балалар ойын алаңы мен ересектерге арналған жаңа жаттығу орнын ашып бермек.

Бұрынғы орыннан жаңа медициналық орталықтың бір бөлігін ашуды жоспарлап отыр.

Шу шыққан ойын алаңы 7-шағынауданның 28,29,30 үйлерінің жанында тұр. Өткен аптада тозығы жетіп тұрған алаңды сүріп тастаған. Мұны көрген көпшілік шу ете қалыпты.

«Ойын алаңы бізге қажет. Жан-жағымыз көлік жолы, балалардың ойнауына орын керек. Бұл жерде балалар 9-дан кешкі 7-ге дейін жүреді», - дейді тұрғындар.

Балалар алаңына жақын орналасқан №28/1-ші ғимарат жеке меншікте. Нысан иесі шаруашылығын кеңейту үшін көлемі 300-350 шаршы метр жер қажеттігін айтады.

Ол өз қаржысына ескі ойын алаңының орнына жаңа 2 алаң салып беремін деп отыр. Ол үшін іскер әйел алдымен уәдесін орындап, содан соң ғана медициналық орталықтың құрылысын жүргізе алады.

«Пандемия кезінде медициналық құрал-жабдықтың жетіспеушілігі сезілгені рас. Қазіргі таңда Ақтауға соңғы үлгідегі замануи құралдарды әкелеміз. Ол үшін мына жер қажет. Оның орнына 30-шы үйдің жанындағы бос тұрған аумаққа балаларға және ересектерге арналған екі ойын алаңын салып беруге дайынмын. Қазір тұрғындардың келісімін алып жүрміз. Ал, бұрынғы ойын алаңының сүрілуіне біздің қатысымыз жоқ», -дейді жеке кәсіпкер Алуаш Кенжебаева.

Соңғы үлгідегі бір ойын алаңын салуға кемінде 4 млн теңге қажет. Қазіргі уақытта 68 тұрғын ұсынысын қолдап, қағазға қол қойыпты.

Қалып тұрған дауысты түгел жинаған жағдайда бірден қала әкімдігіне жүгініп, өз жобасын ұсына алады.

«Аталған жер учаскесі қазіргі таңда мемлекет меншігіне рәсімделген. Яғни, жеке немесе заңды тұлғаға рәсімделмеген. Сонымен қатар, әлгі жер телімінде қандай да бір құрылыс жүргізуге қатысты кәсіпкерден әкімдікке жазбаша өтініштің келіп түспегенін хабарлаймын», - дейді Маңғыстау облысы жер қатынастары, сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Еркебұлан Ғабдолов.

Қазір балалар ойын алаңы тұрған жер учаскесі мемлекет меншігінде.

Апта басында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің тапсырысымен мұндағы құрал-жабдық алынып тасталған.

Бұл орында мемлекеттік бағдарлама аясында жаңа ойын алаңы салынатыны да айтылды.

Оған қаржы бөлінгенге дейін кәсіпкер тұрғындардың келісімін алып, әкімдікке барса, жағдай өзгеруі де мүмкін.


Соңғы жаңалықтар