Ақтаулық тұрғындар үйдің іргесіндегі газ құю бекетіне алаңдап отыр

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтаулықтар газ құю бекетінің үй іргесінде тұрғанына қарсы. 19-шы шағын аудандағы көпқабатты үйдің тұрғындары кәсіпкерлік нысанды басқа жаққа көшіруді сұрап мәселе көтерді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сұйық отын стансасы орналасқан аумақта былтыр жаңадан екі тұрғын үй салынды. Енді сол үйдің балаларға арналған ойын алаңы автогаз бекетінің дәл қасында тұр. Жұртшылық газ құю бекетінде оқыс оқиға болса, зардап шегеміз бе деп алаңдайды.

«Келісіп, ұрыс-керіске бармай азамат ретінде осыны алып, бір тынышталса халық. Балалар ойнап жатыр іргесінде. Жақында осы газын жіберіп жатты далаға. Қауіпті болып тұр, алып тастау қажет. Алаңдаймыз. Үйге тіптен тиіп тұр, қашықтық болуы керек қой. 15 метр деп айтады, мынау бес метр ғой арасы. Хатты жаздық, апардық. Тұрғындар қол қойды. Екі демалыстан асты ғой, әлі жауап жоқ», - деді тұрғын Ғабдулла Мұқырбаев. .

Қазір газ құю бекетін жеке кәсіпкер жалға алып отыр. Айтуынша, бекет аумағындағы резервуарға 15 тонна сұйық отын сияды. Резервуар бастапқыда аулада ашық жерде тұрса, қауіпсіздік талаптарына сай кейін жерге көмілген. ҚазАқпарт тілшісі газ құю бекетінің иесі Күләш Тұрсынбековамен тілдесіп көрді. Кәсіпкердің айтуынша нысан 20 жылдан аса уақыт осы жерде жұмыс істеп тұр.

«97 жылы бұл қаланың қоқыс тастайтын алаңы еді. Соны біз 12 күн сол жерді трактормен тазалағанбыз. Ана құжаттарымызда сол кездегі 27-микрорайонда қанша метрде орналасқан. Айналада ешқандай ғимарат жоқ деп көрсетілген. Енді мына жерден үй салынды. ҚҰрылыс салынып жатқанда айтқанмын, сіздер нормативті қолданбай жатырсыздар. Бұл қалай, мына тұрған «заправканың» үстінен қалай саласыздар деп. «Бізге әкімдік берді, біздер саламыз» деді. Әбден мазамыз кетіп болды, ақиқат қайда?! 23 жылдан бері отырған жекеменшік объектімізге біреу келіп үй салады. Содан кейін біз кінәлі боламыз,-деді Күләш Тұрсынбекова.

Тұрғындар мен кәсіпкердің текетіресі әкімдікке жетті.

«Қала әкімдігіне қарасты бөлімнен сол газ құю стансасына ескерту жіберілген. Яғни, газ беру стансасының нысанын басқа коммерциялық нысанға өзгерту ұсынылды. Енді қазіргі таңда халық тарапынан да сондай ұсыныстар түсіп жатыр. Бұл мәселеде кәсіпкермен қазір келіссөз жүргізілуде. Алдағы уақытта мәселе оң шешііледі деп ойлаймыз», - деді Ақтау қаласы әкімінің орынбасары Серік Гусман.

Шенеуніктер кәсіпкерге жерді басқа бизнеске ауысу туралы өтініш жолдаған. Себебі, құжатқа сәйкес газ құю бекетінің орнына бизнес ғимаратын салуға болады.


Соңғы жаңалықтар