Ақтауда үлескерлерден заңсыз ақша алған алаяқ компаниялар жазаланды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтауда бірнеше құрылыс компаниясы жауапқа тартылды. Бұл туралы Маңғыстау облысы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Әлеуметтік желілерде жаңадан салынып жатқан тұрғын үйлер сатылымға шыққаны жөнінде жариялануда. Дегенмен, ол үшін үлескерлер қаражаты есебінен тұрғын үй құрылысын жүзеге асыруға ниет білдірушілер ҚР «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» заңына сәйкес, жергілікті атқарушы органнан берілетін рұқсат құжаттарын рәсімдеуі қажет.

«Алайда, бүгінгі күні Ақтау қаласы аумағында тұрғын үй салып жатқандар үлескерлер қаражатын тартуға рұқсат сұрап жүгінбеген. Яғни бір де бір тұлғада аталған рұқсат жоқ. Маңғыстау облыстық прокуратурасы ұсынған деректерге сүйенсек, қыркүйек айының соңында Ақтау қалалық сотының шешімімен «НиетСтройСервис» директоры аса ауыр сипатта алаяқтық жасады деп танылып, 6 жылға бас бостандығынан айрылды» делінген өңірлік коммуникациялар қызметі таратқан хабарламада.

Үлескерлер қаражатын заңсыз тартқаны үшін бірнеше құрылыс компаниясының өкілдері әкімшілік жауапкершілікке тартылған. ҚР «Әкімшілік құқық бұзу кодексінің 320-бабы бойынша 3 құрылыс компаниясы жауапқа тартылды. Олар - «Компания СтройАльянс», «KZ West Snab» және «Ниет Строй Сервис».

Қала аумағында құрылысы жүріп жатқан тұрғын үйлерге қатысты қандай да бір ақпарат қажет болса, Ақтау қалалық сәулет және қала құрылысы бөліміне хабарласуға болады.

Соңғы жаңалықтар