Ақтауда салынып жатқан 7 млрд теңгенің стационары несімен ерекшеленеді

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтау қаласындағы бірінші шағын ауданда 200 адамға арналған модульді стационардың құрылысы жүріп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Пандемияның алғашқы толқынында қазақ медицинасының кемшілігі көрініп, ауруханаларда орын тапшылығы сезілгені жасырын емес. Бүгінде әлемнің бірқатар елінде Covid-19 екінші толқыны басталып кетті. Қазақстан Үкіметі бұл жағдай бізді де сырт айналмайтынын түсініп, індеттің екінші толқынына дайындық жұмыстарын қолға алды. Соның бірі – 13 өңірде модульді стационар салу. Заманауи медициналық орталық Маңғыстау облысында да салынып жатыр. Себебі, облыс орталығындағы ауруханалардың әбден тозығы жеткен.

Алайда 1 қазанда ашылады деп жоспарланған нысан өңірге қажет емес деген пікірлер айтыла бастады. Облыстық мәслихат депутаты Аббат Өрісбаев қыруар қаржыға тез салынатын аурухана ашу қисынға келмейді дейді. ҚазАқпарат тілшісі депутат пен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының пікірін тыңдап көрді.

Маңғыстау облыстық мәслихатының депутаты Аббат Өрісбаев өңірдің денсаулық сақтау басқармасы бөлінген жеті миллиард теңгеге облыстағы қала мен аудандардағы бұрыннан бар бірнеше медициналық орталықты жөндеуден өткізген әлдеқайда арзан әрі тиімді деп есептейді.

«Соңғы 10-15 жыл ішінде денсаулық сақтау басқармасының әрбір басшысы Мұнайлы аудандық ауруханасы, Ақтау көпсалалы ауруханасы, жедел жәрдем ауруханасы, жаңа мәйітхананы қайта салу сияқты біздің өңір үшін ең қажетті нысандарды салу жоспары туралы айтады. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін бұл мәселелер толық шешімін тапты дей алмаймын. Енді өңірде мобильді жұқпалы аурулар ауруханасын салуға жеті миллиард теңге бөлу туралы шешім көпшіліктің түсінбеушілігін туғызады», - дейді Аббат Өрісбаев.

Депуттатың сауалына Маңғыстау облысы денсаулық сақтау басқармасының басшысы Жамал Жаманбаева жауап берді. Оның айтуынша, өңірде әбден тозығы жеткен мединицалық нысандарды қайта жамап-жасқағанмен ескі орталықтардың медициналық әлеуетін заман талаптарына сай етіп жасау мүмкін емес.

Себебі, облыс орталығындағы инфекциялық аурухана 1981 жылы салынған. Нысан негізінен 50 адамға шақталған. Пандемия кезінде 70 төсек-орынға дейін көбейітілгенімен, тозығы жеткен аурухананың карантин кезінде науқастарды емдеуге шамасы келмегенін жасырмады.

«Коронавирус індетінің қашан тоқтайтынын ешкім дөп басып айта алмайды. Эпидемиологиялық тұрғыдан қарағанда тек біздің еліміз ғана емес, дүниежүзінде аурухана жетіспеушілігі байқалды. Ведомствоаралық комиссияның отырысында елімізде 13 модульдік инфекциялық стационар салу ұйғарылды. Шыны керек, сол тізімге біздің облыс кіргеніне қатты қуандық. Депутаттың сауалын көрдім. Менің айтарым, облысқа жаңа инфекциялық стационар қажет. Екіншіден, шағын және орта бизнес нысандарын, қонақүйлерден аурухана жасауға болмайды. Екі нысанның қызмет ету саласы әр түрлі. Ал, инфекциялық стационардың құрылысына көп қаржы бөлінуіне себеп бар. Біріншіден, оның ішінде ауаны залалсыздандыратын жүйе бар. Яғни, сырттан ауа кірмейді, сәйкесінше, іштегі ауаны сыртқа шығармайды. Екі науқас жатса, екеуі бір-біріне ауруын жұқтыра алмайды. Қабырғалары, есік-терезелері бактерияға қарсы жабындымен қапталады. Демек, бұл - жай ғимарат емес», - деді басқарма басшысы.

Жамал Жаманбаеваның мәліметінше, модульді стационар әзірге облыстық аурухананың бір бөлімшесі ретінде құрылып жатыр. Болашақта оны инфекциялық орталық ретінде ашу жоспарланған.

«Стационарға 300-ден аса медицина қызметкері қабылданады. Жалпы, Маңғыстауда эпидемиологиялық ахуалға сәйкес 170 адамға арналған 9 инфекциялық стационар бар. Резервтегі 11 инфекциялық стационарда 1835 төсек-орын дайын», - деп түйді басқарма басшысы.


Соңғы жаңалықтар