Ақтауда қызмет бабында қаза тапқан полицей білім алған мектепте ерлік тақтасы ашылды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Қазақстан полициясы күніне орай Ақтау қаласындағы №21 жалпы білім беретін орта мектепте қызмет бабында қаза тапқан полицей Әділет Тұрсынбековке арналған ерлік тақтасы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әділет Тұрсынбеков 1986 жылы 23 қазанда Маңғыстау облысының Ақтау қаласында дүниеге келген.

1993 жылы қаладағы №21 мектептің бірінші сыныбына қабылданды. Мектеп қабырғасында және жоғарғы оқу орындарында оқыған кездерінде қоғамдық жұмыстарға, түрлі спорттық жарыстарға белсене қатысқан.

2004 жылы аталған мектепті бітіріп, Алматы қаласындағы Қазақстан Республикасы ІІМ Академиясына күндізгі бөлімге оқуға түскен.

2008 жылы Академияны заңгер мамандығы бойынша бітіріп, Маңғыстау облысы Ішкі істер департаментіне қызметке орналасты.

Әділет Ақтау қаласы ІІБ тергеу бөлімінің тергеушісі, ІІД ұйымдасқан қылмыспен күрес басқармасының жедел уәкілі лауазымында қызмет атқарған.

2011 жылы полиция аға лейтенанты Әділет Тұрсынбеков қызмет бабында қайтыс болды.

Ерлік тақтасының ашылуына ПД бастығының орынбасары, полиция полковнигі Болатбек Ақшауов, Әділеттің анасы, достары және ұстаздары қатысты.

Сонымен қатар бүгін қолдарына диплом алған академия түлектері де бұл әдемі көріністің куәсі болды.

Шара қатысушылары Әділет Тұрсынбековтың құрметіне бір минут үнсіздік жариялады.

Батырдың анасы мен ПД бастығының орынбасары ерлік тақтасының қызыл лентасын кесіп, еске алу бұрышы салтанатты түрде ашылды.

«Әділет - өте тәжірибелі, өз ісіне жауапкершілікпен қарап, жұмысын сүйіспеншілікпен атқарған әріптестеріміздің бірі еді. Бүгін ерлікпен қаза тапқан әріптесіміздің құрметіне 10 жыл білім алған ордасынан ерлік тақтасын ашып отырмыз. Бейбіт күннің батырларына айналып, азаматтардың қауіпсіздігі үшін жанын қиған әріптесіміздің ерлігі әрқашан жадымызда сақталады. Келер ұрпақ үшін олардың батырлығын мирас етіп жеткізу - бізге міндет», – деді Болатбек Ақшауов.


Соңғы жаңалықтар