Ақтауда Каспий итбалығын оңалту орталығы ашылды

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат – Ақтауда Қазақстандағы алғашқы Каспий итбалығын зерттеу және оңалту орталығы ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетіне сілтеме жасап.

Орталық сырқаттанған және жарақат алған итбалықтарды емдеумен, оңалтумен және қайтадан Каспий теңізіне жіберумен айналысады. Орталық туралы «Сәби» қоры және Орталықазиялық экологиялық зерттеулер институты бастама көтеріп, демеушілік көрсеткен.

Орталықты ашуға ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар вице-министрлігі Ерлан Нысанбаев, Маңғыстау облысы әкімінің орынбасары Руслан Сәкеев және экологиялық ұйыцмдардың өкілдері мен волонтерлер қатысты.

Каспий итбалығы – Каспий теңізі фаунасындағы жалғыз теңіз сүтқоректілері өкілі. Түрлі дереккөздерге сәйкес, олардың саны 100 мыңнан аспайды және жылдан-жылға азайып келеді. Бұл түрдің биологиялық ерекшелігі – олардың маусымдық топтануы. Қыста төлдейді, көктемде – түлейді және күзде төлдеу орындарына көшеді.

«Итбалықтардың шамамен 90% солтүстік Каспий мұзына барады. Ең ірі көктемгі және күзгі топтанулар теңіздің Қазақстанға тиесілі бөлігінде – шығыс Каспий жағалауында өтеді», - деп хабарлады Комитет.

Каспий итбалығы (Pusa caspica) Халықаралық табиғатты қорғау одағының Қызыл тізімінде «Жоғалу қаупі бар» (Endangered) ахуалында тұр. Каспий итбалығы жоғалып кету қаупі бар түр ретінде Әзербайжан (1993) мен Түрікменстанның (2011) Қызыл кітаптарына енген.

Биылғы шілде айында қазақстандық және ресейлік ғалымдар 5 жылға жоспарланған Солтүстік Каспий айдынындағы Каспий итбалығын зерттеу бағдарламасын бекітті.


Соңғы жаңалықтар