Ақтауда дәрігерлердің суреті бар билбордтар іліне бастады

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтаудың орталық көшелерінде коронавирус пандемиясымен күресіп жатқан дәрігерлердің суреті бейнеленген билбордтар іліне бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Ақтау әкімінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, «Біздің батырлар! Наши герои!» деп жазылған билбордта дәрігердің фотосы, аты-жөні көрсетіледі. Барлығы 100-ге жуық маманның суретін орналастыру жоспарланған.

«Қазақстан ғана емес, әлем елдерін есеңгіретіп, талай өмірді жалмаған коронавирус пандемиясы адамзатқа төнген үлкен қауіптің бірі болды. Осындай қиын кезеңде адам өмірі үшін арпалысып, уақытпен санаспай, өз антын адал атқарып жатқан дәрігерлердің еңбегі ерекше! Ақ желеңді абзал жандар - күні мен түнін ауруханада өткізеді, 2-3 айлап үйлеріне бармайды, бала-шағаларынан жырақта жүр. Тіпті, кейбіреулері дертті өздеріне жұқтырып, өмірімен қош айтысты. Адам өмірін қорғауда алдыңғы сапта аянбай еңбек етіп жүрген ардақты мамандық иелерін дәріптеу мақсатында Ақтау қаласының орталық көшелеріне билбордтар ілінді. Қала әкімінің бастамасымен, облыс әкімі Серікбай Трұмовтың қолдауымен және кәсіпкерлердің қаржылай көмегімен іске асқан игі жоба арқылы - шаһардағы әрбір тұрғын батырларымызды тани алады», - делінген хабарламада.

Қазіргі таңда 10-нан астам билборд 9-шағынауданнан бастап 4-шағынауданға дейінгі жол бойына ілінді. Енді теңіз жағалауына да шығару жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар