Ақтауда 50 мың шаршы метр аумаққа көгал отырғызылмақ

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Биыл Ақтауда 50 мың шаршы метр аумаққа көгал отырғызу жоспарланып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. Бұл өткен жылдармен салыстырғанда жаңа бастама болмақ.

Осы уақытқа дейін шаһарда көктем айларында жас талдар мен гүл ғана отырғызылатын. Ал, биыл талдарды аз отырғызып, бұрынғыны сақтау мен барлығын күтіп баптауға ерекше көңіл бөлінбек.

Ақтау қалалық әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, қалаға тек 200-ден астам шырша тәріздес талдар мен орталық көшелерге бір жылдық гүлдер мен раушан гүлдері отырғызылуда.

«Сонымен қатар, биыл жасыл-желекті уақтылы суаруға да ден қойылуда. Себебі, бұл мәселе қала әкімінің бақылауында. Ғалымжан Ниязов күн сайын көгалдандыру мен абаттандыру бойынша есеп алып отыр. Тұрғындардың да шағымы жіті қадағалануда. Әр сенбі сайын шаһарды аралап, мамандарға тиісті тапсырмаларды жүктеп отыр»,-делінген хабарламада.

Биыл шаһардың жасыл желегін жайқалту мақсатында суару үшін үнемді тәсілдер енгізілуде. Әр ағаштың түп тамырына суарудың өзіндік арнайы, жаңа технологиялық әдістері пайдаланылмақ. Гүл мен газон егілген жерлерге спринклерлық, яғни жаңбырша шашыратып суару әдісі қосылған. Алдымен, «Тобанияз» саябағына қолданылды.

«Алдағы уақытта бүркіп шашу әдісі, яғни автоматикалық су жүйесі барлық саябақтарға қойылады. Таңертең және кешке суаратын болады. Жалпы, шаһар бойынша 50 мың шаршы метр аумақты көгалдандыру жоспарланып отыр.

Қала аумағында 3 және 5 текше метрлік құтылар орнатылуда. Оларға үнемі су толтырылып, соның арқасында көк шөптер мен гүлдестелер әрдайым суға қанып тұрады.

«Мүгедектерді қолдау қоғамы «Атамекен» ҚБ жақында ғана әуежай жолына осындай екі су бөшкесін орнатты. Ал, қала ішіндегі шағын аудандардағы талдар, су тасымалдаушы көліктер арқылы суарылады»,-дейді Ақтау қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің басшысы Қайрат Ақыбаев.

Көгалдандыру жұмыстарына 150-ден астам жұмысшы жұмылдырылған.

Қазіргі таңда жұмысшылар саябақтағы бар ағашты суарып, ауырып тұрған ағаштарды емдеп, тамырына құрт түскен талдарды әктеу жұмыстарын атқаруда.



Соңғы жаңалықтар