Ақтауда 14 жасар қыздың ішегінен ине мен бір уыс шаш шықты

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Ақтаулық дәрігер 14 жасар қызды ажалдан арашалап қалды. Ол жасөспірімге ота жасап, тоқ ішектің бойынан ұзындығы 7 сантиметрлік тебен инені алып шықты. Бір ғажабы, ине науқастың ішегін теспей, тігінен тұрып қалған, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әсия Тоқтамұратова 14 қаңтар күні балалар ауруханасының қабылдау бөліміне жеткізіледі. Іші ауырып, мазасызданып, тамақ ішуден қалған. Дәрігерлер дереу рентгенге түсіріп, іш құрылысында ине тұрғанын анықтаған. Келесі күні таңертең ота жасалды. Тоқ ішектің бойынан 7 сантиметрлік ине мен бір уыс шаш алынды. Енді жасөспірім қыз ауруханада 10 күндей болады.

«Алланың қалауы шығар, сәтін салып, ине ішектің бойында тұр екен. Әрине, әртүрлі жағдай болады. Ішек болсын, асқазан болсын, ине ұшы тіреліп, тесетін болса, бала уланып қалар еді. Оны тазалау қауіпті, жазылуы өте ұзаққа созылады. Балаларды кіндіктің қапталынан 6-7 см ашып, іздейміз тесіктен»,-дейді хирург Насухан Отарғазиев.

14 жасар Әсия туғанынан церебралды сал ауруымен ауырады. Біреудің көмегімен ғана өмір сүруде. Анасының айтуынша, Әсия - жеті баланың төртіншісі. Осыған дейін де түрлі қоқысты жеп қойып, отаға түскен. Қолына түскенді аузына сала береді.


«Тамақтандырған кезде өзім берем. Қолыма ұстап отырып тамақтандырам. Байқамадым, үйде кішкентай балалар бар. Ине қобдишада тұрады, оны балалар төкті ме, білмеймін. Насухан Шапағатұлына алғысым шексіз».-дейді анасы Айгүл Ырыспағанбетова.

15 жылдық еңбек өтілі бар Насухан Отарғазиев үшін бұл - алғашқы ота емес. Ол жылына 200-ден астам ота жасайды. Хирург «еңбегімнің басты жемісі - науқастардың тез сауығуы» дейді. Айтуынша, осындай жағдай айына кемінде 3 рет кездеседі. Балалар түрлі металдар мен тиын жұтып қоятын жағдайлар аз емес.




Соңғы жаңалықтар