Ақтау саммиті: Ресей мен Иран президенттері ұлттық мүдде туралы пікір білдірді

None
None
АҚТАУ. ҚазАқпарат - Бүгін Ақтау саммитінде бес елдің мүдделері ескерілді. Бұндай пікірді Ресей Президенті Владимир Путин мен Иран Президенті Хасан Рухани айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бұл халықаралық келісім (Конвенция) біздің ортақ құндылығымыз болып отырған  Каспийді пайдалану мен сақтау тұрғысында тыңғылықты әрі көлемді ережелер мен міндеттемелер жиынтығын қамтып отыр. Осы арқылы Каспий бестігінің өзара іс-қимылы заманауи заңды негізге қол жеткізді. Ең бастысы, құжат теңіздің бейбіт мәртебесін қамтамасыз етуде», - деп тоқталды В. Путин.

Оның сөзіне қарағанда, Конвенцияда қамтылған талаптарды Каспий маңы мемлекеттері көп жылдан бері пысықтап келді.

«Осы стратегиялық құжат аясында бес елдің көптеген ведомстволарының ауқымды келіссөздері жүргізілді. Бұл ретте сарапшылық әрі іскер топтар да назардан тыс қалмады. Каспий маңы елдері көшбасшыларының өзара түсіністігінің арқасында барлығының мүдделері ескерілген уағдаластыққа қол жеткіздік», - деді РФ басшысы.

Оның пайымынша, Ақтау саммитінде қол қойылған конвенция бес елдің арасындағы қатынастарда жаңа кезеңді ашып отыр.

«Алдымызда күрделі әрі қызықты мақсаттар мен міндеттер тұр. Біз бұл мәселелерді дәйекті түрде шешуге ниеттіміз. Жалпы, елеулі жұмыстары үшін Қазақстан тарапына алғысымызды жеткіземіз. Барлық әріптестерімді Саммиттің табысты өтуімен құттықтаймын», - деді Владимир Путин.

Өз кезегінде Иран Президенті Хасан Рухани Конвенцияны бекіту - Каспий маңы мемлекеттері үшін маңызды екенін мәлім етті.

 «Біздің қатынастар достық негізде жалғасып жатыр. Сондықтан бұл қарым-қатынастарымыз уағдаластыққа қол жеткізудің басты факторы болды», - деді ол.

Мұнымен қоса, Иран басшысы барлық елдердің ұлттық мүдделері ескерілгенін қадап айтты.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Ақтау саммитіне қатысқан бес елдің басшылары Каспийдің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойды. 

Каспий маңы мемлекеттерінің бесінші саммитінен кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияның маңыздылығын түсіндірді. 

Соңғы жаңалықтар