Ақтау портына Иран Әскери-теңіз күштерінің жауынгерлік кемелері келді
ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, ирандық «Джушан» және «Сепар» кемелерінің жолдағы қашықтығы шамамен 450 теңіз милін құраған. Оларды Ақтау теңіз портында ҚР Әскери-теңіз күштерінің «Қазақстан» зымырандық-артиллериялық кемесі қарсы алды.
Хаттамаға сәйкес, ҚР Қарулы Күштерінің Әскери-теңіз күштері мен Иран Ислам Республикасы Армиясының Әскери-теңіз күштері арасында кемелердің өзара сапар алмасуы, сондай-ақ кеме экипаждарының экскурсиялары қарастырылған.
Тәжірибе алмасу бағдарламасы аясында спорттың әр түрі бойынша жарыстар өткізілетін болады. Сондай-ақ Иран Әскери-теңіз күштерінің экипажы Ақтаудың көрікті жерлері мен мәдени объектілерін аралайтыны жоспарланған.
Естеріңізге сала кетейік, 2017 жылдың қыркүйегінде ҚР Әскери-теңіз күштерінің «Сары-Арқа» және «Орал» зымырандық-артиллериялық кемелері Иран Ислам Республикасының Бендер-Энзели портына барды.