Ақтау мен Құрық порттары арқылы өтетін контейнерлер саны 140 мыңға жеткізілмек

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Берік Қамалиев Ақтау мен Құрық порттарынан қанша жүк тасымалданып жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

««Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыру – бізге Каспийде үздік логистикалық хабты қалыптастыруға мүмкіндік берді. Бүгінгі таңда біздің Ақтау, Құрық теңіз порттарының қуаты 27 млн тоннаны құрайды. Біз осындай мөлшердегі жүкті өткізе аламыз. Атап айтқанда Ақтау портынан 21 млн тонна, Құрықтан 6 млн тонна жүк өтеді. Олар арқылы көбінесе мұнай, мұнай өнімдері, бидай, металл, өнеркәсіптік өнімдер, құрылыс материалдары тасымалданады», - деді Берік Қамалиев Парламент Мәжілісінде кеме қатынасы туралы келісімді ратификациялау жөніндегі заң жобасын таныстыра отырып.

Оның айтуынша, биыл пандемияға қарамастан порттардың қарқыны сақталған.

«Біз 9 айдың ішінде тіпті 4,5 млн тонна артық жүк өткіздік. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 4 пайызға артық. Жыл соңына дейін қарқынды сақтап қалғымыз келеді. Алайда бұл ретте теңіз порттарының толық қуатта жұмыс істеп тұрмағанын да атап өту керек. Бұл - мұнай өндіру көлемінің қысқаруына байланысты. Мысалы 2011 жылы біз Ақтау порты арқылы шамамен 10 млн тонна мұнай жіберетінбіз. Қазір бұл көрсеткіш – 2 млн тоннаны құрайды. Себебі жөнелтілетін мұнай көлемінің көбі құбыр арқылы жеткізілетін болды. Сонымен қатар Иранға қатысты санкциялық шаралар да өз әсерін тигізді. Біздегі «АрселорМиттал Теміртау» компаниясы жыл сайын 2 млн тоннаға жуық металл тиеп жіберетін. Осындай факторлар әлбетте өз әсерін тигізді», - деді ол.

Берік Қамалиев аталмыш порттардағы жүкті «контейлендіру» жұмысы жүргізіліп жатқанын жеткізді.

«Қазіргі таңда Транскаспий жаңа халықаралық бағдары бойынша Ақтау-Баку бағытында жөнелтілетін 20 пұттық контейнерлердің санын 20 мыңнан 40 мыңға дейін арттырдық. «Қазмортрансфлот» компаниясының жүк тасымалын 52 пайызға жеткіздік. Біз «Қазақмыс», «Қазмырыш», «Қазақстан аллюминийі» компанияларының жүктерінің экспортын контейнерліндірмекпіз. 40 мың контейнер – мақсатымыздың шегі емес. 2025 жылға дейін 130-140 мың контейнерге дейін жүк тасымалын арттырғымыз келеді», - деді ол.


фото:https://sk.kz/

Соңғы жаңалықтар