Ақсуда өрт кезінде қаза тапқан құтқарушының әйеліне пәтер кілті табысталды

None
None
АҚСУ. ҚазАқпарат - ПП-12 бөлімінің командирі Арыстанбек Машраптың отбасы бір бөлмелі пәтер мен тұрмыстық техника сатып алуға сертификат алды. Бұл туралы Ақсу қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат Pavlodarnews.kz сайтына сілтеме жасап.

Еске сала кетейік, 25 ақпанда кезекшілік кезінде азаматтық қорғау сержанты Арыстанбек Машрап өртті сөндіру кезінде қаза тапты. Оның соңында әйелі Бибінұр Қаниева мен әкесі, қайтыс болған күні небәрі бір айға толған баласы Әзім қалды.

- Қоныс тойы кезінде «Нұр-Ана әлемі» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Рымкеш Сламбекова шашу шашып, Бибінұрға мықты, қайратты болуды және ұлын өз Отанының лайықты азаматы етіп өсіруді тіледі, - делінген хабарламада.

Облыстық төтенше жағдайлар департаменті өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің бастығы Сүлеймен Бимағамбетов құтқарушының отбасына көрсеткен көмегі үшін Ақсу қаласының әкімдігіне ризашылығын білдірді.


Соңғы жаңалықтар