Ақсу іргесіндегі ауыл тұрғындары сусыз қалды - Павлодар облысы

None
None
ПАВЛОДАР. ҚазАқпарат -Ақсу қалалық әкімдігінің Алғабас ауылдық округіне қарасты Айнакөл ауылында үйлердегі крандарда су тоқтап қалды, деп хабарлайды pavlodarnews.kz.

Ауыл тұрғыны, зейнеткер Маржан Намазбаеваның сөзіне қарағанда, проблема екі апта бұрын басталған. - Екі апта шамасында суды қайта-қайта бір-екі сағатқа ашып-жауып отырды, - дейді ауыл тұрғыны. – Кеше суды мүлдем өшіріп тастады. Енді сусыз қалдық. Үкіметтің біраз ақшасы жұмсалды ғой. Оған қоса, құбырды үйге дейін қазып тартып алу үшін де ақша жұмсадық. Қазіргі кезде суды машиналармен әкеледі. Бірақ ол бүкіл ауылды сумен қамтамасыз ете алмайды ғой. Маржан Намазбаеваның айтуынша, 2018 жылы орталықтандырылған су желісі іске қосылған кезде халық өркениетке жеттік деп қуанған болатын. Басында тұрғындар шынында да үй кранынан ағатын судың рахатын көрген. Бірақ биылғы жылдың көктемінде жағдай нашарлады. Алғабас ауылдық округі әкімінің міндетін атқарушы Аслан Қасеновтің айтуынша, сумен қамту бір тәулікке сөндірілді. Мақсат – судың жұмсалу мөлшерін анықтау. - Кеше сағат 14:30-да Ленин кентінен сумен қамту тоқтатылды, - дейді Аслан Қасенов. – Бұл жерде судың Айнакөл ауылын есептемегендегі Ленин кентіне жеткілікті мөлшерін анықтау мақсаты көзделді. Білуімше, «Горкомхоз» тұрғын үйлердің жаңғырту» ЖШС суды бүгін түстен кейін қосады.

Ауылдық округ басшылығының пікірінше, Айнакөлді таза ауыз сумен қамтудағы басты мәселе – тұрғындардың суды шамадан тыс және мақсатсыз пайдалануында. - Су өте көп мөлшерде жұмсалуда, - дейді Аслан Қасенов. – Бұл бірнеше тазалаудан өткен артезиандық су, яғни таза ауыз су. Ал тұрғындар оны бау-бақша суаруға пайдаланады. Сол себепті су екі ауылға бірдей жетпейді.

2018 жылдың сәуір айында «Ай-Су Мелиорация» ЖШС Ақсуға қарасты Айнакөл мен Сынтас ауылдарында су желілерін салуға кірісті. Сол жылдың соңында құрылыс жұмыстары аяқталды. Барлығы 216 үйге су желілері тартылды. Желілердің жалпы ұзындығы - 17 шақырым шамасында. Су Ленин кентінен беріледі.

Айта кетейік, Павлодардан 11 шақырым, Ақсудан 21 шақырым қашықтықта орналасқан Айнакөлде шамамен 1000 адам тұрады.

Соңғы жаңалықтар