АҚШ-тың MTV арнасында Димаштың қазақ тіліндегі клипі көрсетілді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - MTV USA арнасында Димаш Құдайбергеннің қазақ тіліндегі бейнебаяны көрсетілді. Осылайша Димаш – MTV арнасынан қазақ тілінде ән салған тұңғыш әнші болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Телеарнада және арнаның YouTube-тегі ресми парақшасында «MTV’s Friday Livestream» бағдарламасында Димаштың «Qairan Elim» әнінің бейнебаяны көрсетілді.

Димаштың MTV-дегі тұсаукесерін Dimash USA fan Club жанкүйерлерінің Instagram парақшасынан тамашалауға болады.


Сонымен бірге, АҚШ-тың Қазақстандағы елшілігі де әнші мен оның жанкүйерлерін америкалық арнадағы табысымен құттықтады.

«Димаш «MTV’s Friday Livestream» бағдарламасындағы ең сұранысқа ие әртіс атанды», - деп жазды елшілік.


Бейнебаянды MTV USA арнасының ресми YouTube желісі арқылы әлемнің кез-келген елі тамашалай алады.

«Менің тыңдармандарыма, әлемнің әр түпкіріндегі менің өнерімді бағалайтын жанкүйерлеріме шын жүрегіммен алғыс айтамын. Олар менің бала арманымның орындалуына себепкер болды. Қазақстан ғана емес, төрткүл дүниедегі Dear-ларымның қолдауына разымын. Құрметім мен алғысым шексіз», – деп Димаш өз лебізін білдірді.

Бейнебаян Нью-Йорк уақытымен жұма күні 17:00 мен 20:00 аралығында, ал Нұр-Сұлтан уақытымен түнгі 03:00 мен таңғы 06:00 аралығында көрсетілді. Бұл – Америкададағы прайм-тайм уақыт. Дәл осы уақытта MTV арнасын ең көп көрермен қарайды.


Соңғы жаңалықтар