АҚШ-та «Әл-Фараби» қазақстандық орталығы ашылады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Ғылыми-білім беру орталығы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті мен Американың Өркениеттер ынтымақтастығы және алмасу қоры (ӨЫАҚ) арасындағы өзара келісім бойынша Мэриленд қаласында (АҚШ) ашылады.

Бұл өркениеттердің ұлы философы – әл-Фарабидің 1150-жылдық мерейтойы атап өтіліп жатқан айтулы жылы АҚШ пен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты дамытуда маңызды оқиға болмақ.

Орталық Қазақ ұлттық университеті есімін абыроймен алып жүрген адамзаттың көрнекті ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің алтын энциклопедиялық мұрасын ілгерілету саласындағы бірлескен жобаларды іске асыру жөніндегі бірегей халықаралық алаңға айналады.

Өркениеттер ынтымақтастығы және алмасу қорының басты миссиясы түрлі конфессияға жататын халықтар мен мәдениеттердің ынтымақтастығын дамыту.

Қор басшысы Мохамад Башар Арафат атап өткендей: «Осы тұрғыдан алғанда, әсіресе пандемия және әлемдік экономика мен саясаттағы терең өзгерістер жағдайында қазіргі әлемде әл-Фарабидің рухани мұрасына жүгінудің маңызы аса зор.

Әл-Фарабидің ілімі қайырымды және кемелді қоғамға қол жеткізу жолында бірігу әрі ынтымақтастық идеяларын негізге алған, сондай-ақ, бұл идеялар бүгінгі күні жаңа қауіп-қатерлерге тап болған әлем үшін ерекше өзекті».

Жуырда Қазақстанның АҚШ-тағы Елшілігінің қолдауымен ҚазҰУ Джордж Вашингтон атындағы Америка университетімен бірлесіп ұлы ойшылдың мерейтойына арналған онлайн дөңгелек үстел өткізді.

Университет әлемнің түрлі елдерінде әл-Фарабидің 12 орталығы мен үйін ашып, белсенді жұмыс жүргізуде. Осындай Орталық Америкада алғаш рет ашылады.

АҚШ-та «әл-Фарабидің» алғашқы орталығын ашу туралы уағдаластық адамзат ойшылының тұлғасына деген жоғары құрметтің және оның гуманистік мұрасына ерекше қызығушылықтық белгісі ретінде бағаланады.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың белсенді халықаралық қызметі және оның америкалық әріптестерімен тиімді өзара әрекеттесуі, Мэрилендтегі «әл-Фараби» орталығына ұлы философтың мұрасын еліміздің бренді ретінде зерделеу мен ілгерілетудің, сондай-ақ жердің батыс жарты шарында Қазақстанның тілі мен мәдениетін дәріптеудің озық орталығы болуға мүмкіндік береді.


Соңғы жаңалықтар