АҚШ Конгресі Украинаға 40 млрд долларға жуық қаржы бөлуді мақұлдады

None
ВАШИНГТОН. ТАСС - ҚазАқпарат - Сейсенбі күні АҚШ Конгресінің Өкілдер палатасы Украинаға шамамен 40 млрд доллар көлемінде қосымша көмек бөлу туралы заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды ҚазАқпарат ТАСС агенттігіне сілтеме жасап.

Отырыс АҚШ заң шығарушы органы төменгі палатасының сайтында көрсетілді. Бастаманы 368 конгрессмен қолдап, 57-і қарсы дауыс берді. Енді заң жобасы Сенат қарауына жіберіледі. Бұдан бұрын Сенаттағы Демократиялық көпшіліктің көшбасшысы Чак Шумер (Нью-Йорк атынан) аталған бастама бойынша дауыс беруді мүмкіндігінше тезірек ұйымдастыруға уәде берген болатын. Жоғарғы палата мақұлдаса, ол АҚШ президенті Джо Байденге қол қоюға жіберіледі.

Құжат Киевке әскери, экономикалық және гуманитарлық көмек көрсетуге қаражат бөлуді көздейді. Атап айтқанда, 6 млрд доллар қару-жарақ пен қауіпсіздікті қамтамасыз етуге, 8,7 миллиард доллар экономикалық көмек көрсетуге және Украинадағы мемлекеттік қызметтердің жұмысын қаржыландыруға, 5 млрд доллар Украинаға және әлемнің басқа елдеріне азық-түлік көмегіне, 900 млн доллар украиналық босқындарға қолдау көрсету үшін бөлінетіні жоспарланған. Бұған қоса, Еуропадағы АҚШ әскерін нығайтуға 3,9 млрд доллар көлемінде қаражат бөлінеді.


Соңғы жаңалықтар