Ақпарат министрі өтіп бара жатқан жылдың басты оқиғаларын атады

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дәурен Абаев биылғы жылдың басты оқиғалары мен жетістіктерін атады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Биылғы жыл өте мазмұнды болды. Жаңа Президентті сайлап алдық. Саяси транзит кезеңінен тұрақты жағдайда өттік. Әлбетте, халықты әлеуметтік қорғау саясаты жаңа сатыға көтерілді. Атаулы әлеуметтік көмекті бұл күнде жүз мыңдаған азамат алып отыр. Механизм әрине, жетілдіріле бермек. Мемлекеттің қолдауымен 400 мыңға тарта азамат жұмысқа орналасты. Биыл 5 мың шақырымға жуық автокөлік жолы салынып, жөнделді. Бұл қашықтық – Ақтау мен Өскеменнің арасынан да алшақ. 250-ге тарта аурухана мен мектеп ашылып, жұмысын бастады», - деді Дәурен Абаев Хабар арнасынан көрсетілген «Ашық диалог» бағдарламасында.

Министр өз сөзінде қазақстандық споршылардың бағындырған белестерін ұмыт қалдырған жоқ.

«Биыл биік белеске жеткен спортшылар көп. Соның бірі – Элизабет Тұрсынбаева. Ол әлем біріншілігінде жүлде алған қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы. Әлем чемпионы атанған боксшы Бекзат Нұрдәулетов қазақстандықтардың есінде қалды. «Манчестер Юнайтедті» тіз бүктерген «Астана» командасының да жеңісін – тарихи жеңіс деп айтуға болады. «Барыс» та бәрімізді қуантып жатыр. Ержан Максим мен Димаштың биігін айта кетуге болады. Басты ньюсмейкерлер - қарапайым адамдар: дәрігерлер, құтқарушылар мен мұғалімдер. Олар күн сайын ерлік жасап жүрген жандар. Еңбектері көрінбейтін де шығар. Бірақ, олардың еңбектері мыңдаған қазақстандық үшін аса маңызды. Биылғы жыл сәтті болды деп ауыз толтырып айтуға болады», - деді ол.

Соңғы жаңалықтар