Ақмолалықтар вирусқа қарсы және ыстық түсіретін препараттың тапшылығына шағымдануда

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының тұрғындары дәріханаларда вирусқа қарсы және ыстық түсіретін препараттардың жоқтығына шағымдануда. Ал табылған дәрінің бағасы бірнеше есе қымбатқа сатылуда. Бүгін өңірде өткен брифинг барысында тұрғындар облыс әкімі Ермек Маржықбаевқа осындай шағым жасады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Қазіргі уақытта облысқа дәрі-дәрмекті «Аманат» компаниясы жеткізіп отырғанын айтқан өңір басшысы тұрғындарды препараттарды көптеп сатып алмауға шақырды. Себебі дәрі-дәрмек нағыз мұқтаж болып отырған адамдарға жетпей қалуы мүмкін.

«Антибиотик және ыстық түсіретін дәрілерге байланысты «СК-Фармация» компаниясымен жұмыс істеп жатырмыз. Күні кеше ғана 2 аптаға жетуі тиіс препараттар алдық», - деді Ермек Маржықбаев.

Әкімнің атап өтуінше, 1 тамызға дейін облыста қосымша 5 мың стационарлық төсек-орын ашылатын болады.

Сондай-ақ брифинг барысында ақмолалықтар әкімге шақыртуға ұзақ уақыт кешігіп келетін және науқастарды ауруханаға алып кетпейтін жедел жәрдем қызметіне қатысты сұрақтарын қойды.

Осы ретте облыс басшысы тамыз-қыркүйек айларының ішінде өңірге жаңа 50 жедел жәрдем көлігі келуі тиістігін айтты.

Айта кетерлігі, облыста өкпені жасанды желдетуге арналған 268 аппарат бар.


Соңғы жаңалықтар