Ақмолалық волонтерлер соғыс ардагерлерінің үйіне барып көмектесіп жүр

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының волонтерлері жергілікті соғыс ардагерлеріне дәрі-дәрмек, азық-түлік және антисептиктер сатып әперуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Біз жалғыз басты, біреудің көмегіне мұқтаж ардагерлердің тізімін алып, қажеттіліктерін сұрап білдік. Бүгіннен бастап волонтерлеріміз дәрі-дәрмекпен көмектесе бастады. Аудандарда ардагерлердің тізімі анықталуда. Олардың барлығына дәрі-дәрмек, азық-түлік, антисептик және маска жеткізетін боламыз», - дейді Қазақстан халқы Ақмола ассамблеясының жанындағы еріктілер орталығының басшысы Умар Шоназаров.

Оның айтуынша, волонтерлер осыған дейін де бірнеше рет көмек көрсеткен көкшетаулық екі ардагердің бірі - 97 жастағы Василий Горбонос. Ол Беларусь майданында жаумен бетпе бет соғысқан. Үш рет жарақат алған. Бүгінгі таңда ардагердің денсаулығы сыр беріп, дәрі-дәрмектің күшімен ғана қозғалады.

Сондай тағы бір соғыс ардагері - Николай Дериглазов. Қызымен тұратын оның пәтеріне жөндеу жұмыстары қажет.

Дәрі-дәрмек, азық-түлік және антисептиктер жеткізіп берген волонтерлер ардагерлердің үйлерін тазалап, күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізуге көмектесетін болды.

Волонтерлер ардагерлерден бөлек, мүмкіндігі шектеулі жандарды, көпбалалы және әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларды да қамқорлығына алмақ.


Соңғы жаңалықтар