Ақмолалық меценат ауылға дәрігерлік амбулатория салып берді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығын мерекелеу шеңберінде ҚР Тұңғыш Президенті күніне орай Целиноград ауданының Тасты ауылында дәрігерлік амбулатория ашылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» кіші жобасын іске асыру шеңберінде ашылған ауылдық дәрігерлік амбулатория жергілікті «АКА» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің жеке қаражаты есебінен жүзеге асырылған. Дәрігерлік амбулатория 25 келушіге, күндізгі стационарға 4-8 төсек-орынға шақталған. Онда 1 дәрігер, 2 орта медициналық қызметкер, 1 акушер жұмыс істейді.

«Талды ауылының тұрғындары Целиноград ауданының Құрметті азаматы, меценат, «АКА» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басшысы Қуанышбек Ахмединге осындай сый үшін өте риза», - деді Тасты ауылының қоғамдық келісім кеңесінің төрағасы Жақсылық Өтешов.

Аудан әкімдігінің мәліметінше, бұған дейін Қуанышбек Ахмедин Ақмешіт ауылындағы ауылдық клуб ғимаратына күрделі жөндеу жүргізіп, тұрғындар игілігі үшін мемлекетке тегін тапсырған болатын. Аудан орталығы Ақмол ауылындағы КВИ науқастарына арналған провизорлық стационарға медициналық жабдықтар, дәрі-дәрмектер және жеке қорғаныс құралдарын сатып алуға ақшалай қаражат бөлді.

2020 жылы COVID-19 пандемиясына байланысты төтенше жағдай кезінде Ақмола облысының аз қамтылған азаматтарына, мүгедектеріне және аз қамтылған отбасыларына «Біз біргеміз» республикалық акциясы аясында бірнеше рет қайырымдылық көмек көрсетті.

Айта кетсек, астанадан 56 шақырым қашықтықта орналасқан Талды ауылында тұратын нақты халық саны 1075 адам болса, бекітілген қызмет көрсетілетін халық саны 824 адамды құрайды.


Соңғы жаңалықтар