Ақмолалық кәсіпкер экологиялық таза көкөністер өсіруде

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысының Аршалы ауданындағы «Оазис» жеке кәсіпкерлігі жылыжай салып, экологиялық таза көкөністер мен жидек түрлерін өсіруді қолға алуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Кәсіпорын басшысы Рифкат Абдульманов айтуынша, «Жасыл технология» мемлекеттік бағдарламасы бойынша қолға алынған жобаның құны 98 миллион теңгені құрайды. Кәсіпкер «Жұмыспен қамту жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде Аршалы ауданы несие серіктестігінен 10 миллион теңге несие алған.

Өткен жылы қолға алынған жылыжайда қазіргі замаңғы озық технология қолданылады. Оның ішінде «Жаңартылатын энергия көздері» бағдарламасы бойынша жүйе, күн қызуынан қуат алатын аккумуляторлы панельдер мен LED шамдары орнатылған. Бүгінде жылыжай автономды энергиямен 15 пайызға дейін қамтылған. Сонымен бірге, көкөністерді суару да автоматандырылған. Су Есіл өзенінен тартылған құбыр арқылы алынады және жаңбыр су қолданылады.

«Қазіргі кезде мұнда тамшылатып суару әдісі бойынша қияр, қызанақ, салат жапырақтары және құлпынай өсірілуде. Алдағы уақытта салат қоспасына қажетті көкөніс түрлерін өсіріп, өндіріс көлемін арттыру көзделіп отыр. Бұған мүмкіндігіміз жеткілікті. Келешекте гидропоника әдісін қолдануды жоспарлап отырмыз. Бұл өндіріс көлемін арттыруға мүмкіндігін береді», - дейді Рифкат Абдульманов.

Кәсіпкер атап өткендей, жылыжайда өсірілген өнімді Аршалы ауданы аумағы мен Нұр-Сұлтан қаласында сату жоспарланған.


Соңғы жаңалықтар