Ақмолада жолды күтіп ұстаумен айналасатын 58 шенеунік жауапқа тартылды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында жолдарды күтіп ұстаумен айналасатын 58 шенеунік жауапқа тартылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Аслан Қызбикеновтың айтуынша, жол-көлік оқиғаларын азайту және жолдарда төтенше жағдайларға жол бермеу үшін өңірдің автожолдарын тексеру жұмыстары үнемі жүргізіледі.

«Ақмола облысы бойынша автомобиль жолдарының ұзындығы 18 924 шақырымды құрайды, оның ішінде халықаралық маңызы бар - 455 км, республикалық - 1747 км, облыстық - 2684,3 км, аудандық - 3497,1 км, шаруашылық - 4322 км және көше-жол желісі - 6218,7 км», - деп нақтылады ведомстводан.

2020 жылдың жеті айында Әкімшілік полицияның жол-техникалық инспекциясы бөлімшелерімен жалпы қолданыстағы автожолдарға 661 тексеру жүргізілді.

Бұл ретте бес мың шақырымға жуық жол қамтылды, ал қорытындысы бойынша анықталған кемшіліктерді жоюға 600-ден астам ұйғарым берілді.

«Ақмола облысы полиция департаменті Әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері автожолдарды уақтылы тазаламағаны және автомобиль жолдарын қысқы күтіп ұстау жөніндегі талаптарды, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етудің белгіленген қағидаларын орындамағаны және көлік құралдарының қауіпсіз үздіксіз қозғалысын қамтамасыз етпегені үшін 58 жауапты лауазымды тұлға әкімшілік жауапкершілікке тартылды», - деп атап өтті Ақмола облыстық ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Аслан Қызбикенов.

Ведомствоның мәліметінше, техникалық қадағалау желісіне қатысты бүгінгі таңда азаматтардың көлік құралдарын қайта жабдықтау бойынша 231 өтініші қаралды және көлік құралдарының сәйкестігі туралы куәлік беру бойынша 188 мемлекеттік қызмет көрсетілді.

Соңғы жаңалықтар