Ақмолада тексерілген балалар ойыншықтарының 60 пайызы нормаға сәйкес келмейді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында өнеркәсіп тауарларына қатысты заңбұзушылықтарды жою үшін кәсіпкерлік субъектілеріне 117 ұйғарым берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, өңірде ағымдағы жылдың 8 айында өнім қауіпсіздігін мониторингілеу шеңберінде 2788 өнім сынамасы зерттелді.

Оның ішінде 311 сәйкес келмейтін сынама анықталды, бұл 11,1 пайызды құрады.

Зерттелген үлгілердің жалпы көлемінен 87,9 пайызы таңбалау бойынша техникалық регламенттердің талаптарына жауап бермейді, ал қауіпсіздіктің микробиологиялық көрсеткіштері бойынша сәйкессіздік 5 пайызды, физика-химиялық көрсеткіштер бойынша 5,5 пайызды құрады.

«Зерттеумен өнімдердің барлық негізгі топтары қамтылған, оның ішінде сүт өнімдері, құс еті, ет және балық өнімдері, кондитерлік және нан-тоқаш өнімдері және басқа да өнімдері бар. Азық-түлікке жатпайтын тауарлар тобында балалар ойыншықтары, киім, аяқ киім, тұрмыстық химия тауарлары, гигиена құралдары, парфюмерия және косметика, тамақпен жанасатын материалдар, балалар тауарлары және басқалары тексерілді», - деп атап өтті ведомстводан.

Ақмола облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Жанар Қалиеваның айтуынша, 1998 мыңнан астам тамақ өнімінің сынамасы зерттелген.

Оның 8,1 пайызы белгіленген талаптарға сәйкес келмейді.

Өнеркәсіптік топ тауарларына келетін болсақ, келесі тауар топтарында сәйкессіздік анықталды: балалар мен жасөспірімдерге арналған тауарлар арасында – 56,1 пайыз, оның ішінде балалар ойыншықтары – 60 пайыз, жеңіл өнеркәсіп өнімдері – 91,4 пайыз, парфюмерлік-косметикалық өнімдер - 4,3 пайыз, тұрмыстық химия тауарлары - 4,2 пайыз.

«Осыған байланысты кәсіпкерлік субъектілеріне анықталған заңбұзушылықтарды жою туралы 117 ұйғарым беріліп, оны жою тәртібі түсіндірілді», - деп толықтырды ведомстводан.


Соңғы жаңалықтар