Ақмолада такси жүргізушісін басынан ұрып талдырып, көлігін ұрлаған күдікті ұсталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облысында такси жүргізушісін басынан ұрып, талдырып тастап, көлігін ұрлаған күдікті ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі өңірдің полиция департаментіне сілтеме жасап.

Департамент баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, қылмыс Целиноград ауданында болған. Шағым Ерейментау ауданы Еркіншілік ауылының 55 жастағы тұрғынынан келіп түскен.

«17 қараша күні 02:00-де Нұр-Сұлтан қаласындағы «Шымкент» дәмханасының алдында 25-30 жастардағы ер адам одан «Алматы-Екатеринбург» күре жолының бойындағы «Рубеж» бекетіне дейін жеткізіп салуын сұраған. Целиноград ауданы Жайнақ ауылынан 2 шақырымдай жерге жеткенде басына темірмен ұрып талдырып, «ВАЗ-21723» маркалы автокөлігін ұрлап кеткен. Көлікте зардап шегушінің жеке заттары да: 25 мың теңгенің тымағы, 70 мың тұратын «Самсунг» телефоны, 5 мың теңге ақшасы болған», - деп мәлімдеді полицейлер.

Күдікті Қостанай қаласында ұсталды. Ол Түркістан облысы Сарыағаш ауданының 23 жастағы тұрғыны болып шықты.

«ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүріп жатыр, күдікті тергеу изоляторында», - деді полицейлер.

Авторы Оксана Матасова

Соңғы жаңалықтар