Ақмолада мемлекетаралық іздеуде жүрген 2 қылмыскер ұсталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ағымдағы жылғы ақпанның 15-19 күндері аралығында Ақмола облысында өтіп жатқан «Мигрант» жедел алдын алу шарасы аясында мемлекетаралық іздеуде жүрген екі қылмыскер ұсталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, қылмыскерлерді «Мигрант» жедел алдын алу іс-шарасы барысында Көкшетау қалалық ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері қолға түсірген.

«Солтүстік Қазақстан облысының аумағында шекарадан өту кезінде Ақмола облысының Есіл ауданының 42 жастағы тумасы ұсталды. Ол денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіргені үшін 2020 жылдың тамыз айынан бастап іздеуде жүрген. Ер адамға қатысты «шақырғанда келу міндеттемесі» процессуалдық мәжбүрлеу шарасы таңдалды.

Сонымен қатар, Ресей Федерациясының Мемлекеттік шекарасын заңсыз кесіп өтпек болған Степногорск қаласының 37 жастағы тұрғыны ұсталды. Оған 2010 жылдан бастап Ресей Федерациясының Ішкі істер министрлігі Омбы облысы бойынша федаральды қауіпсіздік қызметі басқармасы Ресей Федерациясының Қылмыстық кодексінің 322 бабы 1-ші бөлігі бойынша іздеу жариялаған. Ер адамға қатысты «ешқайда кетпеу және тиісті мінез-құлық туралы қолхат» бұлтартпау шарасы таңдалды», - деді ведомстводан.

Ведомстводан атап өткендей, «Мигрант» жедел алдын алу іс-шарасы шеңберінде көші-қон қызметінің қызметкерлері заңсыз көшіп-қонушылар мен ішкі істер органдарында уақтылы тіркелмеген тәртіп бұзушыларды анықтау үшін жүйелі түрде рейдтер жүргізіп тұрады.

«Жедел-алдын алу шарасының алғашқы екі күнінде Қазақстан Республикасында шетел азаматтарының болу ережелерін бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 517-бабы бойынша шетелдің 61 азаматы әкімшілік жауапқа тартылды. Шақырылған шетелдіктер ҚР Халықтың көші-қоны саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 518 бабы бойынша 47 қабылдаушы тарап, сондай-ақ, шетелдік жұмыс күшін заңсыз пайдаланғаны үшін он жұмыс беруші әкімшілік жауапқа тартылды. Сонымен қатар, полицейлер 26 шетелдіктің құқықтық мәртебесін реттеді», - деп толықтырды ведомстводан.



Соңғы жаңалықтар