Ақмолада боранда адасып кеткен малшы табылды, тағы 4 адам іздестіріліп жатыр

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының Жақсы ауданында боранда адасып кеткен малшы аман-сау табылды. Сондай-ақ, Шортанды және Есіл аудандарында боранда далаға шығып кеткен төрт адамға іздестіріліп жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, желтоқсанның 07-сінде сағат 01:30 шамасында құтқарушылар мен полиция қызметкерлері Жақсы ауданының Парчевка кентінде малшыны іздеу шараларын қолға алды.

«Белгілі болғандай, 1972 жылы туған ер адам 6 желтоқсанда сағат 16:00-де мал іздеуге шығып, қайтып оралмаған. Іздестіру шараларына ТЖД жеке құрамынан 2 қызметкер және қарда жүретін бір арнайы техника, аудандық полиция бөлімінен бір қызметкер жұмылдырылды. Нәтижесінде сағат 04:00 шамасында малшы аман-есен табылды» дейді ведомствоның баспасөз қызметіндегілер.

Жақсы аудандық ТЖБ бастығы Манат Бегалиннің сөзінше, малшы құтқарушылар көлігінің жарығын көріп, өзі дыбыс берген.

«Далада ақтүтек боран. Малшының әлі құрыған. Көмек дер кезінде келді »,- дейді ол.

Сонымен қатар, құтқарушылар Шортанды ауданында 39 жастағы ер адамды іздестіріп жатыр.

Ал, Есіл ауданында трактормен даладан шөп әкелуге кеткен үш ер адам боранда жоғалып кетті. Оларды да іздестіру шаралары жүріп жатыр.

Құтқарушылар облыс тұрғындарын боранды күні жолға шықпауға шақырады.

Иллюстрациялық фото: restwell.ru

Соңғы жаңалықтар