Ақмолада алаяқ әйел «қаржы пирамидасын» құрып, өзі шетел асып кеткен

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Ақмола облыстық полиция департаментінде «қаржы пирамидасын» құрған күдіктілерді ұстау үшін арнайы тергеу тобы құрылды. Бұл туралы ПД бастығы, генерал-майор Арманбек Баймурзин азаматтарды жеке қабылдауында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі ведомствоның баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Өткен жылы Көкшетау қаласында тұратын екі әйел алаяқ қыз құрған «қаржы пирамидасынан» жапа шеккен. Күдікті WhatsApp мессенджері арқылы бірнеше топ ашып, жобаға ақша салу арқылы табыс табуға болатынын айтып, жұртты тартқан. Алаяқтың сөзіне сеніп қалған тұрғындар айтқан сомасын аударған. Алайда, «қаржы пирамидасын» құрушы осы күні Ресей аумағында жүр, ал салымшылар оған салған ақшасын да, үстеме табысын да қайтарып алған жоқ. Алданғанын түсінген әйелдермен бірге өзге зардап шегушілер де полицияға арыз жазып, көмек сұрады», - дейді ведомстводан.

Арызданушылардың сөзін тыңдай келе Арманбек Баймурзин «қаржы пирамидасын» құрған күдіктілерді ұстау үшін арнайы тергеу тобы құрылғанын, сондай-ақ, істің барысын жеке бақылауына алғанын атап өтті.

Оның айтуынша, қазіргі кезде тергеушілер тарапынан қолданыстағы заңнама шеңберінде кешенді тергеу шаралары жүзеге асырылуда. Зардап шеккендер тергеу шараларының барысы туралы біліп отыра алады.

«Өңірдің кез келген тұрғыны полиция департаментінің бастығына құқық қорғау органдарының жұмысына қатысты өз сауалын қойып, тиісті жауабын ала алады», деп толықтырды ведомстводан.

Соңғы жаңалықтар