Ақмола өңірінен шыққан соғыс ардагерлері туралы жаңа жинақ таныстырылды

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жеңістің 75 жылдығына елордалық Ардагерлер кеңесі «Ұлы Жеңіс ешқашан ұмытылмайды» кітабын шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен қалалық Ардагерлер кеңесі «Ұлы Жеңіс ешқашан ұмытылмайды» кітабын шығарды. Бұл жинақ Жеңістің 75 жылдығына арналған. Қалалық ардагерлер кеңесі өткен жылдың желтоқсан айында кітап шығару туралы бастама көтерген еді. Кеңес шешімімен журналистерден редакциялық топ құрылды. Топты журналист Ғалия Балтабай басқарды. Сол жинақты бүгін ресми таныстырып отырмыз. Мұнда Нұр-Сұлтан қаласы мен Ақмола облысынан шыққан ардагерлердің ерлігі баяндалады», - деді Нұр-Сұлтан Қоғамдық кеңесінің төрағасы, саяси және қоғам қайраткері Сансызбай Есілов елорда әкімдігінде өткен онлайн брифингте.


Атап айтқанда, жинақта Ақмола өңірінде туып-өскен Кеңес Одағының екі дүркін батыры Талғат Бигелдинов, Қазақстанның алғашқы қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетов, Даңқ орденінің кавалері Әлмұқан Сембинов, рейхстагқа ту тіккен Рақымжан Қошқарбаев сынды батырлар мен тыл ардагерлері енген.

«Соңғы кездері Ұлы Отан соғысының қандай тарихи мәні бар деген пікірлер айтылып жүр. Соғыс ардагерлерінің еңбегі еленбей қалған кез болды. Тіпті Бауыржан Момышұлы көзі тірісінде Кеңес одағының батыры атағын ала алмады. Рақымжан Қошқарбаевтың рейхстагқа ту тіккенін 62 жылдан кейін ғана мойындадық. Ұшқыш қыздардан Хиуаз Доспанованы ғана айтып жүрміз. Бұл кітапқа Дәмелі Жәкеев, Мәдина Ысқақова, Қамқа Үмбеталина деген ұшқыз қыздар туралы материалдар енді. Жалпы Ақмола облысы - батырлардың өлкесі. Кеңестер одағының батыры атағын Қазақстанда 500 жауынгерге берсе, соның 44-і Ақмола өңірінен шыққан», - деді журналист Ғалия Балтабай.


Соңғы жаңалықтар