Ақмола облысының тұрғынынан 23 мыңнан астам дәрі-дәрмек тәркіленді

None
None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Ақмола облысының тұрғынынан рецепт бойынша ғана сатылуы керек 23 мыңнан астам дәрілік зат тәркіленді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР Ішкі істер министрлігінің баспасөз өкілі Шұғыла Тұрлыбек арнайы брифингте осындай мәлімет айтты.

Ішкі істер органдары есірткі құралдарының, психотроптық заттар мен прекурсорлардың заңды айналымындағы бұзушылықтарды анықтау бойынша «Дәрмек» республикалық жедел-алдын алу іс-шарасын өткізді.

«Операция барысында 320 шаруашылық жүргізуші субъект, оның ішінде 38 өнеркәсіптік кәсіпорын, 68 медициналық ұйым және 201 дәріхана тексерілді.

Есірткі құралдарының, психотроптық заттармен жұмыс істеу тәртібін бұзу арқылы заңды айналым және улы заттардың заңсыз айналымы саласында 25 қылмыс тіркелді», - деді ІІМ өкілі

Оның дерегі бойынша, рейд кезінде 830 тоннадан астам есірткі өндірісінде пайдаланылуы ықтимал зат пен 3 келі сынап тәркіленген.

«Мысалы, Атырау облысының бір өнеркәсіптік ұйымында 338 тоннадан астам күкірт қышқылы лицензиялау нормаларын бұза отырып сақталған. Кінәлі тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Дәріханалардағы құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында полиция есірткінің заңды айналымы саласында 175 әкімшілік бұзушылықты анықтады. Оның ішінде фармацевтикалық қызмет ережелерін бұзудың 101 оқиғасы, есірткі және прекурсорлар айналымы бар объектілерді техникалық нығайту нормаларын бұзудың 40 фактісі, заңсыз фармацевтикалық қызметтің 16 фактісі, лицензиялау нормаларын бұзудың 18 оқиғасы тіркелді», - дейді Шұғыла Тұрлыбек.

Сондай-ақ, ол есірткіге қарсы полиция Ақмола облысының Макинка қаласы Бұланды ауданында жергілікті тұрғыннан рецептпен босатылуға тиіс 23 астам мыңнан дәрі-дәрмек тәркілегенін айтты.

«Қазір ҚР Парламенті Сенатында прекурсорлар мен күшті әсер ететін заттар айналымы үшін жауапкершілікті күшейтуді көздейтін бірқатар заңнамалық актілерге түзету енгізетін заң жобасы талқыланып жатыр. Осыған байланысты «Дәрмек» жедел алдын алу іс-шарасы тоқсан сайынғы негізде өткізіледі», - деді ІІМ ақпараттандыру және байланыс департаментінің бас маманы.

Соңғы жаңалықтар