Ақмола облысының орта мектебіндегі оқу процесі онлайн режимде бақылауда

None
None
АҚМОЛА ОБЛЫСЫ. ҚазАқпарат - Ақмола облысының П.Исаков атындағы №1 орта мектебіндегі оқу процесі онлайн режимде бақыланады. Мектептің барлық периметрі бойынша және оған іргелес аумақта 27 бейнебақылау камерасы орнатылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Мектеп басшылығы атап өткендей, ең алдымен бұл шара балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Сонымен қатар мектепте қауіпсіздік және оқу орнына кіру үрдісін бақылау жүйесі орнатылған. Оған қоса адамның бет-әлпетін тану құрылғылары, турникеттер және хабарландыру жүйесі бар.

«Мектептің оқу кабинеттері бейнебақылау камераларымен, сонымен бірге қозғалыс, есіктің тұйықталуы мен түтін пайда болғанда хабардар ететін арнайы құрылғылармен жабдықталған», - делінген ҚР Білім және ғылым министрлігі баспасөз қызметі мәліметінде.

Мектепте сондай-ақ өртке қарсы датчиктер мен атмосфералық ауа сапасын бақылайтын құрал-жабдықтар орнатылған. Қауіпсіздік жүйелерінен барлық ақпарат тікелей қаладағы ахуалдық орталыққа түседі.

«Мұндай технологиялар оқушылардың қауіпсіздік деңгейін айтарлықтай арттыруға мүмкіндік берді. Оқушылар мектепке электрондық смарт-карталар арқылы кіріп, шығады. Бұл оқушылардың сабаққа қатысуы барысында электрондық есеп жүргізуге мүмкіндік береді, ал ата-аналар өз балаларын бақылай алады. Ата-аналар баланың мектепке келуі және кетуі туралы Telegram мессенджерінің көмегімен хабардар етіледі», — деп атап өтті П.Исаков атындағы №1 Ақкөл орта мектебінің директоры Әсел Садықова.

Білім ордасындағы тағы бір жаңашылдық – электрондық кітапхананың енгізілуі. Қызметтерді автоматтандыру кітапхана қорын есепке алуды жеңілдетті. Электрондық каталог жасалып, оқырмандарға қызмет көрсету уақыты қысқартылды. Мұғалімдер мен оқушылар смарт-карталарды пайдаланады. Бұл мектеп оқушылары арасында ең танымал болып саналатын әдебиеттер бойынша мониторинг жүргізуге мүмкіндік береді.

Білім беру ұйымын дамыту бағдарламасы аясында мектептің материалдық-техникалық базасы да жетілдірілді. Бюджет қаражаты есебінен 170 бірлік компьютерлік техника мен жоғары жылдамдықты модемдер сатып алынды. Сонымен қатар өткен оқу жылында биология, робототехника кабинеттері заманауи жабдықтармен қамтылған. Спорт залы үшін мектеп басшылығы 260 бірлік спорттық құрал-жабдық сатып алған.

П. Исаков атындағы №1 Ақкөл орта мектебі көптілділік оқыту бойынша пилоттық жобаға қатысып жатыр. Мектеп базасында шағын жинақты оқу орындары үшін ресурстық орталық құрылып, жұмыс істейді. Ақкөл мектебі жас экологтардың еріктілер қозғалысын дамыту бойынша да тірек мектеп болып отыр.

Білім беру сапасы туралы айтатын болсақ, мектеп оқушылары — облыстық, республикалық зияткерлік байқаулар мен олимпиадаларда жүлделі орын иегерлері. Сондай-ақ оқу орны «аудандағы оқуға құштар мектеп» атағына ие.

Мектеп мұғалімдері балалардың экологиялық білім алуына ерекше назар аударады. Мектептегі «Жасыл планета» экологиялық мұражайы аймақтағы ең үздік деп танылса, ал мектеп оқушылары Ақмола облысының үздік экоблогерлері атанған.


Соңғы жаңалықтар