Ақмола облысының Қорғалжын ауданында халықтың 95 пайызы вакцинацияланды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында халықты коронавирус инфекциясына қарсы иммундау жалғасуда, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық ішкі саясат басқармасына сілтеме жасап.

Вакцинацияланған тұрғындар саны бойынша облыста Қорғалжын ауданы көш басында келеді. Мұндағы халықтың 95 пайыздан астамы егілді.

Аудан әкімінің орынбасары Дарын Сабырғалидің айтуынша, өңірде екпе алғысы келетіндер саны күн сайын артып келеді.

«Бүгін біз бәріміз вакцинаның коронавирустық инфекцияға қарсы ең тиімді құрал екендігіне куә болып отырмыз. Қиын жағдайға қарамастан, біздің тұрғындар тыныштықты сақтап, алға жылжуды жалғастыруда», - деп атап өтті ол.

Сонымен бірге, ауданда тұрғындарды ынталандыру бойынша іс-шаралар жүргізілуде. Қыркүйектің 2-4 күндері аралығында вакцинацияланған аудан тұрғындары арасында ауыл шаруашылығы тауарларының ұтыс ойындары өткізіліп, ынталандыру сыйлықтары берілді.

Халықтың басым бөлігін иммундау Қорғалжын ауылының орталық алаңында ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілердің қатысуымен жәрмеңке ұйымдастыруға және өткізуге мүмкіндік берді. Жергілікті мәдениет үйінің қызметкерлері де келушілерге мерекелік көңіл-күй сыйлады. Биылғы күздегі алғашқы жәрмеңкеде ауыл тұрғындары төмен бағамен бидай, көкөніс, жеміс-жидек, дәнді дақылдар және мал азығын сатып алды.

Айта кетейік, Ақмола облысында тұрғындарға коронавирусқа вакцинаның бірінші компоненті 64,4 пайыз , екінші компоненті 53,8 пайыз егілді.


Соңғы жаңалықтар