Ақмола облысындағы кәсіпорын жылына 500 мың аяқ киім шығарады

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Целиноград ауданының Максимовка ауылындағы «SAMHAT» ЖШС аяқ-киім фабрикасы отандық жеңіл өнерәксіп саласының дамуына үлес қосып келеді. Соңғы жылдары кәсіпорынның аяқ-киім өнімдеріне сұраныс артқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Аяқ-киім өндірісінде он жылдан астам уақыт жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын осы аз уақыттың ішінде отандық нарықта өзінің орнын тауып, шетел нарығын бағындыруда. Кәсіпорын Ресей, Беларусь, Түркия, АҚШ, Англия және Шығыс Еуропа елдерінің жетекші фабрикаларының технологиясы бойынша арнайы мақсаттағы аяқ киімдерді шығарады. «SAMHAT» ЖШС бас директоры Самал Тілеубаеваның айтуынша, карантин шаралары кәсіпорын жұмысына, әсіресе, шикізат жеткізу және дайын өнімді тасымалдауда біраз кедергі келтіргенімен, қазіргі кезде өндіріс қайта жанданып, өнімге сұраныс артқан.

«Аяқ киім тігу – күрделі жұмыс. Тұтынушылардың кәдесіне жарату бар да, бәсекелестікке төтеп беру бар ғой. Сондықтан, біз өнімдеріміздің мінсіз болуын қалаймыз. Бұл біздің басты ұстанымыз. Өйткені, өнімнің негізгі артықшылығы сапасында. Сондықтан, біз өнімнің сапалы болуы үшін шетелдің жетекші фабрикаларының технологиясы бойынша жұмыс істейміз. Өнім барлық талаптарға және ҚР мемлекттік стандартына сай келеді», - дейді Самал Тілеубаева.

Кәсіпорын басшысы атап өткендей, фабриканың қуаты жылына 500 мың жұп аяқ киім шығаруға жетеді. Сол кезде 150 адамды жұмыспен қамту мүмкіндігіне ие болады екен. Әзірге кейбір мамандардың жоқтығы қолбайлау болып отырған көрінеді. Мәселен, технолог, механик, тігінші тәрізді бірнеше мамандық бойынша мамандар қажет. Жұмыс істеп жүрген адамдардың кәсіби шеберліктерін жетілдіру өз алдына бір мәселе. Фабрика бүгінгі таңда ерлер және әйелдер аяқ киімі, әскери-күштік құрылымдарға, жұмысшыларға арналған аяқ киімдер шығарады.

Айта кетейік, «SAMHAT» ЖШС аяқ-киім фабрикасын ашу үшін 300 миллион теңге қаржы жұмсаған. Кәсіпорын бастапқыда Нұр-Сұлтан қаласында ғимарат жалдап келген болатын. Кейін 2014 жылы Целиноград ауданының Максимовка аулында бос тұрған ғимаратты жөндеп, қайта қалпына келтірді. Кәсіпорын басшылығы келешекте өндіріс аясын кеңейтіп, тұрғындар күнделікті киетін аяқ киімнің бірнеше түрін шығару мақсат тұтып отыр. Бүгінгі күні «SAMHAT» ЖШС аяқ-киім фабрикасы Ақмола облысының ғана емес, еліміздің жеңіл өнеркәсіп саласында сәтті жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорындардың бірінен саналады.

Ақмола облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының мәліметінше, өңірде биылғы жылдың қаңтар-cәуір айларында жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары 2 043,0 миллион теңгенің өнімін өндірген. Бұл көрсеткіш былтырғы жылмен салыстырғанда 145,4 пайызды құрап отыр. Нақтырақ айтсақ, оның ішінде тоқыма бұйымдарын өндіру көлемі 1,5 миллиард теңге, киім өндіру көлемі 172,3 миллион теңге, былғары және оған жататын өнімдер өндіру көлемі 297,5 миллион теңгені құрайды. Өңдеу өнеркәсібі құрылымында жеңіл өнеркәсіптің үлесі 0,7 пайызды құрады.


Соңғы жаңалықтар