Ақмола облысында жол саласының мамандары жетіспейді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында жол саласында білікті мамандар жетіспейді,деп хабарлайды ҚазАқпарат «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» Ақмола облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, бүгінде аймақта жол сметасын жасайтын кәсіби жобалаушылар мен сметашылар, асфальт-бетон зауыттарына кәсіби операторлар, сынақ зертханаларына инженерлер, техник-зертханашылар секілді кәсіби шебер кадрлар тапшы. Ал, жазғы маусымда геодезист, учаске бастығы, жалпы жол құрылысына қажетті басқа да мамандар қосымша қажет болады.

Мұндай мәселе тек Ақмола облысында ғана емес, барлық өңірде бар. Міне, осы мақсатта қазір еліміз бойынша «Жол активтері ұлттық сапа орталығының» елордадағы басшылығынан бастап, барлық өңірлердегі филиал директорлары мектеп оқушылары және колледж студенттерімен жолшы мамандығына баулу бойынша кездесулер өткізуде.

Жол саласы мамандарының айтуынша, жол бойының мамандығы қазір нарықта үлкен сұранысқа ие. Оған бір ғана мысал, биыл елімізде жол салуға және жөндеуге 750 миллиард теңге қаражат бөлініп отыр. Бұл қаржыны игеру үшін 100 мың адам жұмысқа тартылады. Олардың көбі арнайы дипломы бар кәсіби мамандар болуы тиіс.

«Оқытуға келер болсақ, елімізде 30-ға жуық жоғары оқу орны мен 50-ге тарта колледж жол саласы бойынша мамандарды дайындайды. Ал, мемлекет, жол жұмысшыларына осындай білім ордаларында тегін оқуға мүмкіндік беріп отыр. Мәселен, 2019-2020 оқу жылына жол саласына қатысты мамандықтарға 9570 грант бөлінді», - дейді «Жол активтері ұлттық сапа орталығы» Ақмола облыстық филиалының директоры Ерболат Көштаев.

Ведомстводан атап өткендей, жолшылардың жалақысы 300 мың теңгеден басталады. Жұмыс табу да қиын емес көрінеді. Мұны статистика агентігінің мамандары дәлелдеген. Олар, жол саласы мамандары Қазақстан бойынша ең тез жұмыспен қамтылатын мамандық иелері екенін атап өтеді. Мәселен, заңгер мамандығын бітірген түлек, орта есеппен бір жарым жылда қызметке шақырылса, жолшылар бір жарым айдың ішінде жұмысқа алынады екен.


Соңғы жаңалықтар