Ақмола облысында жол ережесі 2 мың мәрте бұзылған

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында өткізілген «Қауіпсіз жол» шарасы кезінде жол қозғалысы ережесінің 2000 астам рет бұзылғаны анықталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, 2020 жылғы 18-20 қараша аралығында облыс аумағында «Қауіпсіз жол» республикалық жедел алдын алу шарасы өтті.

«Үш күннің ішінде өңірде жол қозғалысы ережесінің 2112 рет бұзылғаны анықталды. Оның ішінде 25 жүргізуші мас күйінде көлік жүргізгені, 234 жағдайда қауіпсіздік белбеуінің тағылмағаны, 116 жағдайда жүргізушінің рульде ұялы телефонмен сөйлескені анықталып, әкімшілік хаттама толтырылған» деді ведомстводан.

Акция барысында жаяу жүргіншілердің жол қозғалысы ережелерін сақтауына да ерекше көңіл бөлінді.

Жедел алдын алу шарасының бірінші күні жол қозғалысы ережесін бұзған 354 жаяу жүргінші жауапқа тартылды. Оның басым көпшілігі жолдың рұқсат етілмеген тұсынан өткендер.

«Осы ретте тәртіп сақшылары жол қозғалысының барлық қатысушыларынан жол қозғалысы ережелерін мүлтіксіз сақтауды сұрайды» деп толықтырды ведомстводан.


Соңғы жаңалықтар