Ақмола облысында жол апатынан 37 жастағы астаналық көз жұмды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында бірнеше көліктің қатысуымен жол апаты болып, 37 жастағы жүргізуші көз жұмды. Тағы екі адам түрлі дене жарақатымен ауруханаға түсті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, жол апаты қазанның 25-де сағат 17:30 шамасында Аршалы ауданы аумағындағы «Екатеринбор-Алматы» тасжолының 1294-шақырымында болған.

«Нұр-Сұлтан қаласына бағыт алған «IVECO» көлігінің 58 жастағы (Алматы қаласының тұрғыны) жүргізушісі рульге ие бола алмай, жолдың ортасындағы қиғаш сырықты бұзып өтіп, жолдың қарсы бағытына шығып кеткен. Осы кезде «Lexus LX-570» көлігінің 34 жастағы (Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны) жүргізушісі көлікке соғылмас үшін қарсы бағытқа шығып кетіп, «Mitsubishi» көлігімен соқтығысқан. Салдарынан «Mitsubishi» көлігінің 37 жастағы жүргізушісі (Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны) алған дене жарақатынан оқиға орнында көз жұмды. Осы көліктің салонында болған тағы екі жолаушы түрлі дене жарақатымен Нұр-Сұлтандағы №1 қалалық ауруханаға жеткізілді», - дейді ведомстводан.

Қазіргі кезде осы оқиға негізінде Қылмыстық кодекстің 345-бабы бойынша іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.


Соңғы жаңалықтар