Ақмола облысында жемқорлыққа қарсы алғашқы студенттік квест басталды

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау университетінде «AntiParaCraft-2021» бірінші студенттік сыбайлас жемқорлыққа қарсы квесті басталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Шараға ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жанындағы республикалық арнайы мониторингтік топтың төрағасы Айгүл Соловьева, «Саналы ұрпақ» республикалық жобалық кеңсесінің басшысы Қайыржан Тоқышев, өңірдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Мұрат Төлеубаев, облыс әкімінің орынбасары Қанат Ыдырысов т.б қатысты.

Бұл ойын-квест сыбайлас жемқорлықтың алдын алудың жаңа әдісі ретінде жастардың бойында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруға, парасаттылық пен академиялық адалдық қағидаттарына тәрбиелеуге бағытталған. Бір ай ішінде студенттер алдын ала дайындалған пранк-арандатуларды болжап, QR-кодтардың көмегімен криминалистік, зияткерлік және шығармашылық міндеттерді шешіп, бейнетаспалар жасайды.

«Көп халықтың бірі ғана емес, өз елінің белсенді азаматы болу маңызды. Сіздерге, жастарға, даму мен бастамалардың драйвері ретінде үлкен үміт артылады. Сіздер сыбайлас жемқорлықтан азат қоғам құрып, болашақта мемлекетіміздің өркендеуін қамтамасыз ететіндіктеріңізге үміт артамыз», - деді Айгүл Соловьева өз сөзінде.

Осы ретте, онлайн режимде байланысқа шыққан Қайыржан Тоқышев студент жастарды сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда белсенді болуға шақырды.

Факультет командаларын студенттік активтер жиналыстарында дауыс беру әдісімен бұрын таңдалған «адалдық капитандары» басқарды. Олар университеттінің Әдеп жөніндегі уәкілінің көмекші, әрі өз факультеттеріндегі сенімді өкілі болады.

«Жас ұрпақ арасында рухани-адамгершілік құндылықтарды тәрбиелеуге және сыбайлас жемқорлыққа қарсы көзқарасты қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінуде. Ол үшін біз «Адалдық алаңы», «Саналы ұрпақ», «Адал ұрпақ» жобаларын жүзеге асырудамыз, сондай-ақ, парасаттылық сағаттарын өткізіп келеміз. Әділдік, парасаттылық пен сенім еліміздің әрбір жас азаматы үшін басты құндылық болатынына сенімдімін», - деді Мұрат Төлеубаев.

Айта кетейік, ақпан айының соңында квест ойынының қорытындысы ретінде «адалдық капитандары» турнирі өтеді, онда жеңімпаздар арнайы өтпелі сыйлық - адалдық кубогымен марапатталатын болады.


Соңғы жаңалықтар