Ақмола облысында жемқорлық туралы хабарлаған адамдарға 5,7 млн теңге берілді

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында сыбайлас жемқорлық туралы хабарлаған 37 ақмолалыққа 5,7 миллион теңге сыйақы берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомствоның мәліметінше, 2020 жылы сыбайлас жемқорлық фактілері туралы хабарлағаны үшін аймақтың Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі 1,5 миллион теңге сомасына 9 адамды марапаттады. Негізінен азаматтар парақорлық фактілері туралы хабарлады. Мысалы, ауыр қылмыстар санатына жататын пара алу фактісі туралы хабарлаған облыс тұрғыны 198 000 теңге сомасында көтермеленді.

Айта кетейік, ағымдағы жылдың 15 ақпанынан бастап кейбір түзетулер енгізілген сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдескен адамдарды көтермелеу қағидаларына сәйкес, осындай фактілер туралы хабарлаған адамдар үшін біржолғы ақшалай сыйақы түрінде жүзеге асырылатын көтермелеу белгіленеді.

«Пара немесе келтірілген залал сомасы, сондай-ақ ұсынылған жеңілдіктердің немесе көрсетілген қызметтердің құны 1000 айлық есептік көрсеткіштен (2 917 000 теңге) аспайтын сыбайлас жемқорлық қылмыстар бойынша сыйақы сомасы қылмыстың ауырлығына байланысты 30-дан 100 айлық есептік көрсеткішке дейін құрайды. Егер жоғарыда көрсетілген сома 1000 айлық есептік көрсеткіштен асса-сыйақы 10 пайызды құрайды, бірақ 4 000 айлық есептік көрсеткіштен аспайды (11 668 000 теңге)», - дейді ведомстводан.

Ведомстводан атап өткендей, сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық фактісі туралы хабарлаған немесе сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылда өзге де жолмен жәрдемдескен адамдар үшін біржолғы ақшалай сыйақыдан бас тартылған жағдайларда, грамотамен марапаттау немесе алғыс жариялау түріндегі көтермелеулер белгіленуі мүмкін. Көтермелеудің ұқсас жүйесі бірқатар шет елдерде табысты қолданылып келе жатыр.

Сыбайлас жемқорлықты анықтау, жолын кесу, ашу және тергеп-тексеру бойынша ақпарат бергені не басқа да түрде көрсетілген жәрдем үшін қаржылық ынталандыруды арттыру шаралары халықты сыбайлас жемқорлыққа қарсы тетікке белсенді тартуға бағытталған.

Осы ретте, өңірдің Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі 1424 Агенттіктің Саll-орталығы тәулік бойы жұмыс істейтінін еске салады.

Аслан Оспанов.


Соңғы жаңалықтар