Ақмола облысында үздік мұғалімдер марапатталды

Фото: None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Ақмола облысында Ұстаздар күні аталып өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көкшетаудағы «Болашақ сарайы» балалар мен жасөспірімдер сарайында ұйымдастырылған шараға аймақ Ермек Маржықпаев қатысып, құттықтау сөз сөйледі.

«Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің биылғы Жолдауында Қазақстандық білім мен ғылымның алдында ауқымды да кезек күттірмейтін міндет тұрғанын атап өтті. Бүгінгі таңда уақыт білім беру жүйесіне жаңа талаптар қойып отыр, оны орындауда мұғалімнің рөлі зор. Педагог кадрларды тарту үшін облыс бюджетінен жыл сайын гранттар бөлінеді. Бүгінде бұл грант бойынша 400-ге жуық жас білім алып жүр. Биыл 100 маманға облыс мектептеріне жолдама берілді. Ауылдық жерлерде жұмыс істеу үшін мұғалімдерді тарту, ынталандыру ретінде «Дипломмен - ауылға» бағдарламасының берері мол. Осы ретте биыл 160 маманға тұрғын үй сатып алуға 690 миллион теңге несие берілді, 322 маман 94 миллион теңге көлемінде көтермеақы алды», - деді Ермек Маржықпаев.

Аймақ басшысы атап өткендей, білім беруді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру шеңберінде Ақмола облысында білім беру жүйесін жаңғырту және дамыту бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр.

Облыстың білім саласын қаржыландыру жыл сайын артып, бүгінде 132 миллиард теңгеге жетті.

Бүгінде облыста 1300-ге жуық білім ұйымы жұмыс істейді, онда 21 мыңнан астам педагог еңбек етеді.

123 мұғалім «Білім беру ісінің құрметті қызметкері» атағына ие, 101 мұғалім «Ыбырай Алтынсарин» медалімен, 15 мұғалім «Еңбек ардагері» медалімен марапатталды.

Облыстың 30-дан астам мұғалімі «Үздік педагог» республикалық байқауының грантының иегері.

Білім беру жүйесін дамытуға қосқан елеулі үлесі үшін аймақ басшысы мұғалімдерге ведомстволық наградалар мен алғыс хаттарды тапсырды.

Нақтырақ айтсақ, шара барысында 11 жас педагогке облыс әкімінің 100 мың теңге көлемінде сыйлығы тапсырылды.

2 педагог адал еңбегі үшін 500 айлық есептік көрсеткіш сертификатына, Ж.Мусин атындағы Көкшетау жоғары Қазақ педагогикалық колледжі, «Жұлдыз» санаториялық үлгідегі облыстық орта мектеп-интернаты, тиісінше 3 және 2 миллион теңге көлемінде облыс әкімнің сертификатына ие болды.

«Үздік педагог – 2021» республикалық байқауының қорытындысы бойынша Ақмола облысының 2 үздік мұғалімі «Үздік педагог» төсбелгісін алып, 2,9 миллион теңге көлемінде сыйақы алды.

Олардың арасында Көкшетау қаласындағы «Өркен» бөбекжайының музыкалық жетекшісі Ольга Корябкина, Жақсы ауданы Жақсы ауылындағы №1 жалпы білім беретін мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Ләззат Қасқаева бар.

Салтанатты іс-шара Ақан сері атындағы жоғары колледж, Біржан сал атындағы музыкалық колледж және Ж.Мусин атындағы Қазақ жоғары педагогикалық колледжі студенттерінің орындауындағы концертке ұласты.


Соңғы жаңалықтар