Ақмола облысында ұлттық спорт түрлерінен республикалық жарыс өтті

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат – Көкшетау қаласының іргесіндегі Краснояр ауылында Құрбан айт мерекесіне орай ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Ақмола облысы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Құлагер» ипподромында өткен жарысқа облыстың әр өңірінен жиналған спортшылар қатысты. Шара «Ақмола – адалдық алаңы» жобасының аясында ұйымдастырылып, адал және әділ спортты насихаттауға бағытталды.

Жарысты көпшілікпен бірге тамашалауға «Науан Хазірет» мешітінің бас имамы Сәбит Қуаныш, Көкшетау қаласының әкімі Амангелді Смайылов, Ақмола облысы бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев пен оның орынбасары Арман Бердалин келді.


Қатысушылар тай жарыс, көкпар, қазақша күрес, асық ату, тоғызқұмалақ ойындарынан сынға түсті.

Көрермендер тай жарыста ең мықты атағы үшін шабандоздардың керемет жарысын тамашалады. Сондай-ақ көкпарда бақ сынаған спортшылар жанкүйерлерге нағыз эмоция сыйлады. Асық ату ойынына балалармен қатар үлкендер де қатысты.


Жарыс қорытындысы бойынша спортшылар ақшалай сыйлықпен марапатталды. Жиналған қауымға концерттік бағдарлама мен қазақ киіз үйлеріндегі мерекелік дастархан ұйымдастырылды.


«Біз адал спортты таңдап, спортшыларды да адал болуға шақырамыз. Өзінің достарына, не болмаса бәсекелестеріне әділетсіздік таныту дұрыс емес. Себебі әркім тек өз еңбегімен және өз күшімен табысқа жетуі тиіс» - деп есептейді «Ақмола – адалдық алаңының» өкілдері.



Соңғы жаңалықтар