Ақмола облысында өткен аптада үш адам суға батып кетті

None
None
КӨКШЕТАУ. ҚазАқпарат - Өткен аптада Ақмола облысында үш адам суға батып көз жұмды. Шомылу маусымы басталғаннан бері өңірде 20 адам суға кетті, оның үшеуі - кәмелетке толмаған балалар, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Ақмола облысы төтенше жағдайлар департаменті басшысының орынбасары Қанат Доспаевтың айтуынша, өткен аптада өңірде суға батып өлген адамдардың үш фактісі тіркелген. Оның бәрі тыйым салынған және жабдықталмаған жерлерде шомылған.

Мәселен, 20 шілдеде Аршалы ауданының аумағында Жалтыркөл ауылының маңында Жалтыркөл көлінде шомылып жүрген 36 жастағы ер адам, ал 23 шілдеде Ерейментау ауданының аумағында Сілеті өзенінде 38 жастағы ер адам батып кетті.

«Бұл өлім фактілері қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан орын алды, яғни аталған адамдар өз күшін дұрыс бағаламай, жағадан алысқа кетіп қалған. Ал 25 шілде күні Бурабай ауданының Қаражар ауылындағы Чистое көлінде суға шомылу кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамау салдарынан 27 жастағы ер адам суға батып кетті. Алдын ала ақпарат бойынша, өлімнің себебі - мас күйінде шомылу. Судағы адам өлімінің барлық фактілері бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалды, оның нәтижесі қосымша хабарланады», - деп атап өтті спикер брифингте.

2021 жылдың барлық шомылу маусымында облыста 20 адам суға батып кетті, оның үшеуі - кәмелетке толмағандар.

Спикердің айтуынша, 19-26 шілде аралығында Ақмола облысы бойынша полиция департаментінің аумақтық бөлімшелері бірлесіп 359 рейд және патрульдеу жүргізілді.

Оның нәтижесі бойынша 79 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оның ішінде ӘҚБтК-нің 440-бабы бойынша 65 адам («Алкогольдік ішімдіктерді ішу және қоғамдық орындарға масаң күйде келу») және ӘҚБтК-нің 364-бабы бойынша 14 адам («Ортақ су пайдалану қағидаларын бұзу»).


Соңғы жаңалықтар